Білім

Бар ғұмырын білімге арнаған

Ол кезде ауылдағы ең зиялы адам ұстаз болатын. Сондықтан мектептегі балалардың басым көпшілігі мұғалім болуды армандайтын. Сол арманшылдардың бірі – Болысбек Кемежанов. Арманға жету үшін сабақты жақсы оқу керек. Оқу-білім ғана болашаққа жол ашпақ. Оны Ыбырай Алтынсарин атасының «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңінен санасына тоқып алған. Сондықтан жастайынан сабаққа ынталы болды.

Болысбектің бойындағы бір ерекше қасиет – кішкентайынан әр істі кесте бойынша атқаруға қалыптасқан. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кешкі төсекке бас қойғанға дейінгі уақыты есептеулі. Сабақ оқуға да, үй шаруасына көмектесуге де, бір мезгіл ойнауға да, бәрі-бәріне уақыт табады. Бала болып көп ойнау жоқ. Ойын қанша қызып жатса да уақыты бітті ме, ортасынан үзіп үйге қайтып бара жатқаны. Ал оқуға ынтасы ерекше. Үнемі кітаптан бас алмайтын.Болысбекті есеп-қисап, қимыл-қозғалысқа қатысты тәжірибелер, аспан әлемі қатты қызықтыратын. Сол қызығушылықтың әсері шығар, мектептен кейін 1964 жылы сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп кетті. Оны «талапты ерге нұр жауар» дейміз бе, «жыртық үйдің Құдайы бар» дейміз бе, әйтеуір, бір сәттілік. Олай дейтініміз, Болысбектің әкесі оның әлі мектепке де бармаған кезінде қайтыс болған екен. Анасы Мөржан талантты ұлдың жолында өмірін құрбан етуге бар.

Болысбектің оқуына, ізденуіне еш кедергі жасаған жоқ. Базбіреулер сияқты баласын анда-мұнда жұмсап ығыр еткен емес. Болысбегі сабаққа дайындалып отырғанда ол атқаруға тиіс жұмысты өзі-ақ істей салатын. Бар тілеуі – баласы оқып, адам болып кетсе болғаны.Анасының сол тілегін Құдай қабыл етіп, оқуға түсіп кеткен Болысбек Кемежанов 1969 жылы ҚазПИ-ді бітірісімен туған ауылына тартқан. Қолында – жоғары білімді мұғалімнің дипломы. Енді ауылдағы анасына нанын жегізіп, шәкірттер тәрбиелемек. Оның о бастағы арманы да осы еді ғой.

Бес жыл студенттік өмірінің басым бөлігін институт кітапханасында, қала берді Пушкин атындағы республикалық кітапханада кітап оқумен өткізген Болысбек оқуды озаттар қатарында бітірді. Оған институт аспирантурасында қалуға ұсыныс та жасалған. Болысбек отбасы жағдайын ойлады. Реті келіп жатса, аспирантурада кейінірек те оқып, ғылыммен де айналысып үлгеремін деп ойлады. Игіліктің ерте-кеші жоқ.Қайдағы, ауылға келіп, өзі түлеп ұшқан мектебіне мұғалім болып орналасқаннан кейін байланды да қалды. Оны білім әлемі ішіне тартып әкеткен. Білімге, білуге құштар шәкірттермен жұмыс істеу аспирантураны ұмыттырды да жіберді. Бірақ Болысбектің бойындағы білімге, білуге құштарлық жоғалған емес. Әйтеуір, әрқашан ізденіс үстінде жүретін. Соның нәтижесі – ойлылар ойыны шахматтың жаңа нұсқасын ойлап тапқаны. Ауыл мұғалімінің өте күрделі ойын саналатын шахматтың жаңа нұсқасын ойлап табуы – нағыз өнертапқыштық.

– Мен де осы жайлы ойланар ма едім, жоқ па, егер 1976 жылы Гарри Каспаров пен Анатолий Карпов арасындағы ойын қайта-қайта тең аяқталып, ақырында Халықаралық шахмат федерациясының ережесі белден басылып, жеңіс сәл басымдық көрсеткен біреуіне беріле салған. Басқа амал да жоқ еді. 64 шаршылы шахматтың жаттанды, «жауыр» болғанын осы ойын-ақ көрсетіп берген. Шахматтың жаңа үлгісі керек!

Осы ой жатсам-тұрсам басымнан кетсейші. «Әлемде адам айға да ұшып, ғылымда небір жаңалықтар ашылып жатқанда шахмат ойынының да жаңа үлгісін ойлап табуға болатын шығар» деп ойладым, – деп ағынан жарылған ардагер ұстаз. Осы ой санасына мықтап орныққан физик, математик, астроном Болысбек Кемежанов шахматтың жаңа үлгісін жасау «ауруымен» аттай 20 жыл ауырыпты. Ақыры 100 шаршылы шахмат ойлап тапты. Ойын тастарына түйе, керік атты екі фигура қосып, оларға жүріс жолын берді. Сарбаздар да екі-екіден көбейген. 100 шаршылы тақтада екі жақта он-оннан фигура, он-оннан сарбаз.

Болысбек түн ұйқысын төрт бөліп небір сызбалар сызды, өзі ойлап тапқан тақтаға тастарды тізіп қойып, өзімен-өзі шахмат ойнайтын әдет шығарған. Әр жүрісін, тастардың қозғалысын мұқият қағазға түсіріп отыратын. Ертеңіне түндегі ойынынан қате тауып, жаңа ойын өрнегін кестелейді. Өткен түндегі, оның алдындағы сызбалардың бәрі де жыртылып, жаңа сызба пайда болады.
Не керек, осындай үздіксіз, тынымсыз ізденістің нәтижесінде 100 шаршылы шахматтың теориялық негіздемелері жасалынып, ол көпшілік талқысына түсіп, ойлы ойыншылар мен ғалымдар тарапынан қолдау тауып, ақыры кітап болып жарық көрген. Өнертапқыш Болысбек Кемежановтың 2012 жылы жарық көрген «Шахмат жасаудың математикалық негіздері мен әдістері» атты еңбегіне физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нарғозы Данаев пен Қазақстанның Еңбек Ері, математик, білім беру ісінің үздігі Аягүл Миразова пікір жазған.

Өнертапқыш Болысбек Кемежановқа осы ашқан жаңалығы үшін ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі авторлық құқықтар жөніндегі агенттігінің интеллектуалдық меншік нысанының №633 куәлігі берілген. Өкініштісі сол, шахматтың осы жаңа түрі бойынша ауданда бір-ақ рет жарыс өткізілген. Одан кейін тым-тырыс. Аудандық, облыстық шахмат федерациялары қозғау салмағаннан кейін спорттың тізгінін ұстап отырған шенеуніктер де бас ауыртқысы келмейтін сияқты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта мектептерде шахмат туралы дәріс беру керектігін айтып қалған бір сөзінде. Бәлкім, балалардың ой-өрісін дамытуда үлкен рөл атқаратын бұл іс енді қолға алынатын шығар? Сонда Б.Кемежанов ойлап тапқан 100 шаршылы шахмат ұмыт қалмаса екен. Жаңалыққа жатырқай қарамайықшы. 

Біздің кейіпкеріміз Б.Кемежанов – бала тәрбиесі мен білім беру ісіне саналы ғұмырының 44 жылын арнаған кісі. Өзі түлеп ұшқан А.Дәулетбеков атындағы мектепке тастай батып, судай сіңген ұстаздық жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Оның ең басты жетістігі – елге еңбек сіңіріп жүрген шәкірттері. Ол өзі дәріс берген физика-математика ғылымдарының кандидаттары Ғалия Пшаева-Естаева мен Дархан Кенжебековті, химия ғылымдарының кандидаттары Әбдірахман Сейдаев пен Хамит Әбдешовті, заң ғылымдарының кандидаты Нұрбек Аманжоловты, ғалым Дастан Айтөлековті, жоғары санатты дәрігер Манас Әзімбаев сынды шәкірттерін мақтан етеді.

Болысбек Кемежанов 1976-1986 жылдары өндірістен қол үзбей сырттай оқыту және кешкі мектеп директоры болғанында оқушыларына жоғары талап қоятын.Ардагер ұстаз: «Сендер сырттай немесе кешкі мектепте оқып-ақ орта білім туралы аттестат алсақ болғаны да деп ойламаңдар. Білім – ешқашан ескірмейтін дүние, ең қымбат байлық», – деп отыратын оқушыларына. Ағайларының сол айтқанына көзі жеткен кейбір шәкірттері кейін кездесіп қалғанда алғыс білдірген кездер де болған.Болысбек Кемежанов бүгінде Тараз қаласында тұрып жатыр. Оның отбасын «педагогтар әулеті» деп атауға лайық. Жары Бейсенкүл Тойшыманқызы да мұғалім болған. Институтты Болысбекпен бірге бітіріпті. Бүгінде зейнеткер. Олардың ұлдары Есімжан, Амангелді, қыздары Салтанат әке-шеше жолымен мұғалімдік мамандықты таңдаған. Ержан – заңгер, Дархан – экономист.

Болысбек ағай мен Бейсенкүл жеңгей ұл-қыздарынан немере-шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже. «Ұстаздық еткен жалықпас,    Үйретуден балаға», деп ұлы Абай жырлағандай, жарты ғасырға жуық жалықпай ұстаздық еткен Болысбек Кемежанов ешқашан мақтау, марапат дәметкен жоқ. Дегенмен оның еңбегі атаусыз емес. Омырауында «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Талас ауданының Құрметті ардагері», «Мәслихаттарға – 25 жыл» төсбелгілері жарқырайды. Одан бөлек облыстық, аудандық білім бөлімдері, мектеп басшылығы тарапынан да грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталған.

Жуырда Қаратау қаласында өткен Талас ауданы мұғалімдерінің тамыз кеңесінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ардагер ұстаз Болысбек Кемежановтың омырауына ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан берілген салалық «Еңбек ардагері» медалін тақты.Бар ғұмырын білім саласына арнаған Болысбек Кемежановтың өмір жолы кейінгі буынға үлгі-өнеге. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, әулеттің алтын діңгегі болып отырған ардагер ұстаз, өнертапқыштың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз. 

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,
қоғам белсендісі, 
Тараз қаласы