Жаңалықтар

Мыңбұлақта жағылған алау

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» дейді жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында.

Жазушының кеудесінің сол тұсын шымырлатып, тамырын солқылдата сығып түсіне кіріп, мәңгілік сағыныш символына айналған елді мекен – Жуалы ауданындағы алақандай ғана Мыңбұлақ ауылы. Топырағы талай дарынды дүниеге әкелген қасиетті мекен баз-баяғы қалпында әлі орнында тұр. Ондағы ашық аспан, жарқын күн де сол баяғыша көктен нұрын төгуде. Бала Шерханның анасы Айша жоқшылыққа қарамай, қара баланың қамы үшін қайнатқан қара қазан да, қарашаңырақ та осында. Қарт Шерхан аңсап тұратын төбелерден шаңдата жүгіріп барып, суға шомылатын ауыр да жеңіл, бейқам да бейкүнә балалық кезеңдегі ауылдың тарам-тарам жолдарымен жүгірген ізі қалған жер бұл. Расында, қазақ әдебиеті мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің Мыңбұлағы – сонысымен құнды, сонысымен ерекше. 

Ел ішінде «Шерағаңның шекпенінен шыққан» деген сөз бар. Жазушы, кәсіби журналист, мемлекет қайраткері Шерханның жас журналистерді қанатының астына алып, тәлім-тәрбие беріп, жазуға машықтандырғанынан шыққан атау бұл. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Шерхан Мұртазаның туған күніне орай жазушыға деген зор сүйіспеншілігін арқалаған ауылдастары мен ізбасарлары Талаптыдағы шаңырағында «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» атты ашық аспан астындағы әдеби-сазды кеш өткізді. Бұл кеш қаламгерге деген зор құрметтің нышаны.

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс бастаған жас қалам иелері қатысты. 

Әдеби кешті жас ақындар – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұржан Қадірәлі мен «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық жүргізді. Кеш шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Жүніс Әлімбеков пен әнші-композитор Әбиірбек Тінәлиевтің орындауында «Шер-Хан» қойылымының үзіндісінен бастау алды. Жазушының музей-үйінің ауласында алау жағып, жиналғандар қаламгер шығармашылығы туралы ой бөлісті. Соңында ақындар Шераға рухына арнаған жырларын тарту етті. Шерханның шығармаларына құлақ түріп, пікір алмасқан соң гитараның сүйемелдеуімен жанды дауыстағы әуендер шарықтай түсті.

Кештің көркін қыздыра түскен шығармашыл жастар бас қаладан арнайы келген ақын Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібектің өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал туған жердің төсіне табан тіреген ақын Ерлан Жүніс қонақкәде ретінде:

«Қарсы алып, шығарып сап тұрар шаһар,
Ақ шаһар, сағым шаһар, мұнар шаһар.
Бәрі өткен, өткендерді күзетеміз,

Өтпейді Тараз ғана, біз өтеміз!..» – деп тебіреніп, «Ғасырлар тәжі» поэмасынан үзінді оқыса, туған жерге деген сағынышын Олжас Сәндібек:

«Тірлікте мынау тиындай құн қалмағанда,
Алты қаздайын айналып жыр қонбағанда. 
Таразға барып қайтайық осы көктемде,

Барып қайтайық күзде де тым болмағанда», – деген өлең жолдарымен жеткізді.

Сондай-ақ әдеби кеште Нұрсұлтан Рахымбай, Ғалия Абылай, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтай, Шолпан Рахымбердиева, Марал Хантөреқызы жырдан шашу шашты. Кеш соңында ұйымдастырушылар белсенділік танытқан қонақтарға сый-сияпаттар тарту етті. 

Мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның дүниеге келген күнін ауылында атап өтуде жерлестерінің бірден-бір қосар үлесі – халық жазушысының жеке архивтеріне көңіл бөліп, әрбір жазғанын зерттеп, зерделеп, бүгіннен ертеңге жетуіне бар мүмкіндікті қолға алу болса керек-ті. Бүгінгі таңда жазушының күнделігі, хаттары және өзге де қолжазба қағаздары сақталған. 
Одан бөлек республика, облыс, аудан, ауылдарда Шерағаның шығармашылығын дәріптеу мақсатында өтіп жатқан мүшәйра, байқаулар ақын Абай Құнанбайұлының: 
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, 

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деген өлең жолдарына дөп келіп тұр.Сондай-ақ жазушының шындық сөздің жебесіндей болып жүректен жүрекке жеткен жазбалары ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қала бермек.


               
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ