Жамбыл жаңалықтары

Мәслихат сессиясында – маңызды мәселелер

2024 жылдың 8 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,8 миллиард теңгені құрады. Өндіріс көлемінің төмендеуіне әлемдік нарықтағы бағаның 1 145 АҚШ долларынан 490 АҚШ долларына дейін төмендеуі себеп болған. Салдарынан минералды тыңайтқыштар өндірісі қысқарып, басқа елдерден арзанырақ өнімдерді әкелу есебінен қант өндірісі төмендеген.

Бұл туралы сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 17-сессиясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев айтты. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізді. Күн тәртібіне сәйкес жиында алдымен аймақ басшысы 8 айда өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ербол Шырақпайұлының айтуынша, облысқа жыл басынан бері 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайған.

– Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Жыл соңына дейін алдымызда өндіріс көлемін арттыру міндеті тұр. Біз межеге «KORCEM» цемент өндіру зауыты, «Karatau Chemicals» пиросульфит өндіру зауыты және «Шатыркөл» байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу арқылы жетеміз деп ойлап отырмыз. Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары аяқталуда. Облыстағы 14 ірі, 25 орта, 832 шағын, барлығы 871 өнеркәсіптік кәсіпорында 44,7 мыңға жуық облыс тұрғыны еңбек етуде.

Өңірімізде инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 213 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері жалпы құны 146,7 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылып, 674 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өңірде жаңа өңдеу зауыты, ауылшаруашылық техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдейтін цех іске қосылып, «Жайсаң» мыс-кен орнын игеру жұмыстары басталды. 

Облысымызға инвестиция тарту кезінде өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесіне тап болдық. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін біз инвесторларға аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салуды ұйғардық. Жобаға қаржы жалдау төлемдері арқылы қайтару механизмін қолданып,  индустриялық даму қорынан алынды.Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы биыл тамыз айында «Тараз» индустриалды аймағы және «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 4,6 миллиард теңгеге 3 жобаны қаржыландырды. Жобаларды іске қосу 2024 жылдың соңы мен келесі жылдың басына жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 6,7 миллиард теңге болса, мұнда қарыз алушылардың өз қаражаты – 1,1 миллиард теңге. Салынып жатқан үй-жайлардың шамамен 15 мың шаршы метріне инвесторлар тапсырыс беріп қойды, – деген облыс әкімі ауылшаруашылығы саласындағы оң нәтижелер жайлы баяндады. 

2024 жылдың 7 айының қорытындысымен агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату мақсатында 1 612 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы бойынша 3 жоба, сыйымдылығы 42 мың тонналық 6 көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару бойынша 1 және тері мен жүнді өңдеу бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Бұл жобаларды 2025 жылы енгізу жоспарлануда. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары ерекше бақылауда. Сол сияқты 2027 жылға қарай құны 245,4 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны іске асырып, 1 110 жаңа жұмыс орнын ашу ойда бар екен.

– «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетіп жатқанын айта кету керек. Жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған жоба шеңберінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл халқының табысы көбейді. Былтыр жобаға 25,5 миллиард теңге бөлініп, 4 076 жоба қаржыландырылды. Осы жылдың соңында біз республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінуін күтеміз, оларға кемінде 1 200 жоба қаржыландырылады, – деген аймақ басшысы өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа тұрғын алқаптар мен ықшамаудандар салынып жатқанын жеткізді. 

Өңірде жыл басынан бері 392,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750,0 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде құны 18 миллиард теңгеге 3 709 пәтерлік 78 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биыл барлығы 2 569 пәтерден тұратын 51 үйді тапсыру жоспарлануда. 

Сонымен қатар облыста елді мекендерді сапалы ауызсумен, жылумен, газбен қамтамасыз ету бағытында да ілкімді істер атқарылған.Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты да жіті назарда. Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 43,6 миллиард теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес биыл 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, әлі 6 мың жұмыс орны ашылады. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 28 518 тұрақты, 16 627 уақытша, барлығы 45 145 жұмыс орны құрылды. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың іске асуы нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 42,2 мыңнан 9,6 мың адамға азаяды деп күтілуде.

Ал биыл денсаулық сақтау ұйымдарының тозу көрсеткішін төмендету үшін 5,3 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланыпты. Оның ішінде 2,6 миллиард теңге бөлінген 20 нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде жүзеге асуда. Бүгінде 3 нысан халық игілігіне берілген. Сондай-ақ 1,6 миллиард теңгеге 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде. Сол секілді 4,7 миллиард теңгеге 38 санитариялық автомобиль және медициналық жабдық сатып алу күтілуде. 

Есепті кезеңде спорт саласына жергілікті бюджеттен 18,1 миллиард теңге қаралған. Облыста 16 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 12 спорт нысанының құрылысы аяқталатын болса, осы уақытқа дейін 4 нысан халық игілігіне ұсынылған. Сондай-ақ биылға жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і пайдалануға беріліпті.

Сонымен қатар биыл мәдениет саласын дамытуға 14,4 миллиард теңге бөлініпті. Аталған қаражатқа 20 нысанның құрылысы және 2 нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Есепті кезеңде 17 481 жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылыпты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 296 жас 2,5 пайыз жеңілдікпен несиеге ие болған. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 362 өренге 1 миллиард 810 миллион теңге көлемінде жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз жеңілдетілген тәртіппен микрокредиттер беру жоспарлануда. Бұдан басқа «Жасыл ел» еңбек жасағына маусымдық жұмыстарға 2 000 жұмыссыз, уақытша жұмыспен қамтылмаған, яғни NEET санатындағы жастарды тарту үшін 173,5 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 1 499 жас маусымдық жұмыстарға қатысуда.

Өңірде туризм саласында да алға ілгерілеушілік бар. Қазіргі уақытта аталған салада 15,9 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобаларды іске асыру 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл қаңтар-маусым айлары аралығында облысқа 95,7 мың турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 40,1 пайызға өскен. Оның ішінде 1 455-і шетелдік болса, еліміздің басқа өңірлерінен 94,2 мың турист облысқа саяхаттаған. Сондай-ақ аймақ басшысы талай жылдан бері айтылып та, жазылып та жауыр болған «Қаралма» кешені мәселесі де жақын уақытта шешімін табатынына сендірді.

Баяндама соңында облыс әкімі депутаттар алдында АЭС салу мәселесіне қатысты бірер ойын ортаға салды. 

Сессия барысында депутаттар Керімқұл Бегалиев, Талғат Сәрсенбай, Оралхан Дәуіт, Айтбала Жолмаханова, Дауыл Бейсенқұлов өз сұрақтарын қойып, нақты жауапқа қанықты.

Мұнан соң депутат Гүлжан Тлеубердиева жарыссөзге шығып, облыс әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмысына оң бағасын берді.

Депутаттар қараған келесі мәселе – жол және жолаушылар тасымалының жағдайы. Тақырып аясында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасап, салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ