Жаңалықтар

Инфрақұрылымның игілігін жұрт көруде

Облысымыз – Қазақстанның маңызды экономикалық аймақтарының бірі. Мұнда автомобиль жолдарының жағдайы мен инфрақұрылымның дамуы ерекше назарға алынған. Бүгінгі таңда өңір бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 10 084 шақырымды құрайды. Бұл жолдардың 6 041 шақырымы, яғни 59,9 пайызы жақсы жағдайда, 2 519 шақырымы (24,9 пайыз) қанағаттанарлық, ал 1 524 шақырымы (15,1 пайыз) нашар күйде.

Облыстағы жол жөндеу жұмыстарының қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда 357 жобаның шеңберінде 690,5 шақырым жол жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Бұл жобалар арасында 671 шақырым жолды орта жөндеу, 1 көпір мен 16,5 шақырым көше жолдары құрылысы және 3 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланған.

«ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба немесе 164,2 шақырым жол жөнделетін болады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 99 пайызға (жақсысы – 65 пайыз, қанағаттанарлығы – 34 пайыз) жетеді деп күтілуде. Елді мекендердің көше жол желісі бойынша жалпы ұзындығы 5 726 шақырымды құрайды. Оның 3 321 шақырымы (59 пайыз) жақсы жағдайда, 1 203 шақырымы (20 пайыз) қанағаттанарлық, ал 1 202 шақырымы (21 пайыз) қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1 194 шақырым. 2020-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша 473 шақырым жолға қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Оның ішінде «Меркі-Бурылбайтал» – 266, «Балқаш-Бурылбайтал» – 145, ал «Күрті-Бурылбайтал» 62 шақырымды құрайды. Күрделі жөндеу 68,4 шақырымды құрайды. Атап айтсақ, «Шу-Қайнар» – 56, «Ескі Күйік» асуы – 12,4 шақырым. Аталған жобалар толық іске асырылғанда республикалық жолдар бойынша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 97,3 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Қордай – облыстың экономикасының даму динамикасында маңызды рөл атқаратын ауданның бірі. Мұндағы автожолдар мен ауылішілік көшелердің тақтайдай тегіс болуы тұрғындардың өмір сүру сапасын анықтайтын басты факторлардың бірі десек те болады. Сондықтан аудан әкімдігі ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлуде. Соның арқасында Қордайда автожолдар мен ауылішілік көшелерді жөндеуге қатысты бірқатар ауқымды жоба қолға алыныпты. Жергілікті бюджеттен бөлінген және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаралған қаржыға ауданның әрбір елді мекенінде көшелерге жаңа асфальт жабындысының төселуі мен жолдардың кеңейтілуі тұрғындардың басты қажеттілігінің өтелуіне негіз болып отыр.

Ауылішілік жолдардың жөнделуі тек инфрақұрылымның дамуына ғана емес, ауыл тұрғындарының баратын жеріне жолсоқты болмай, яғни қашықтықты тегіс жол арқылы қысқартуына, өздерін жол үстінде жайлы сезінуіне  ықпал етеді. Сол үшін де аудан әкімдігі жергілікті тұрғындарға сапалы жолдар ұсынуды, олардың күнделікті өмірлеріне оң әсерін тигізуді басты міндеті санайды. Осы ұстанымның нәтижесінде Қордай ауданының автожолдары мен ауылішілік көшелері тұрғындардың сұранысына сай қауіпсіз және ыңғайлы болуы қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатын болады.

Аудан әкімі ауылішілік жолдардың жағдайын жақсарту үшін жауапты тұлғаларға жыл басында-ақ нақты тапсырмалар берген екен. Нәтижесінде ауданның әрбір елді мекенінде ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша шаруалар қолға алынып, жұмыстың уақытылы әрі сапалы атқарылуына ден қойылыпты. Атап айтсақ, Шарбақты ауылындағы Ноғайбай көшесі, Сортөбе ауылындағы Дауров көшесі, Масаншы ауылындағы Көктем және Пушкин көшелері, Үлкен Сұлутөр ауылындағы Абылай хан көшесі, Қайнар ауылындағы Абай көшесі, сондай-ақ Қордай ауылындағы Төле би көшесі мен Қалғұты ауылындағы Тыңдала, Ұста, Оңтүстік көшелеріне, Бетқайнар ауылындағы үш көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бетқайнар ауылының  ішіндегі ескірген жолдарды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары мерзімінде атқарылған. Өткен жылы мұндағы Қожантаев пен Жеңіс көшелеріне асфальт төселсе, биыл Қазақстан, Төле би және Қарасу көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Нақты айтқанда, «Инвест MK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,6 шақырымдық Қарасу көшесін, 3,2 шақырым Қазақстан көшесін, Төле би көшесінің бір шақырымнан астамына асфальт төсеу жұмыстарын мерзімінде аяқтаған. Сортөбе ауылдық округінің әкімдігі де Дауров көшесіне асфальт төсеу жұмысын назарда ұстауда. Жұмыс сапасы мамандар бақылауында. Нысанды жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес қабылдап алуға ден қойылған.

2024 жылы аудандық бюджеттен Жамбыл ауылында «Street Workout» орнатуға 4 миллион 659,5 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жарияланыпты. Нәтижесінде «Алмас» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз атанып, аталған жұмысты толығымен аяқтаған. Соның арқасында ауыл тұрғындары күнделікті спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алған.

Биыл жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 ауылдық округтің 17,20 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Жолдарды жөндеумен айналысатын компаниялар барлық жұмыстарды техникалық талаптарға сай орындауда. Жолдардың сапасын қадағалау үшін арнайы комиссия құрылып, жөндеу жұмыстарының сапасы тексерілуде. Қадағалаудың нәтижесінде жолдардың беріктігі мен төзімділігіне ерекше мән берілуде.

Тұрғындарды сапалы ауылішілік жолдармен қамтамасыз ету – олардың жолда жүру қауіпсіздігінің және қолайлы тұрмыс жағдайының негізі. Ауданның инфрақұрылымын дамыту ісі де қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Маусым айында Қарасай мен Еңбек ауылдарына 42,8 шақырым газ құбыры тартылып, газдандыру жобасы табысты аяқталыпты. Ал Керу ауылына газ жеткізу жұмыстары осы айда аяқталады деп жоспарлануда. Гвардейск қалашығын газбен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамаға жолданған. Сонымен қатар Бәйтерек, Бел, Мұзбел және Аңырақай ауылдары үшін де газдандыру жобаларының сметалық құжаттамалары әзірленіп, құжаттар сараптамадан өтуге дайын тұр. Әкімдік алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту бойынша шараларды жалғастыруға ниетті.

Мұндағы елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынынан мысал келтірсек, 41 елді мекеннің 36-сы, яғни 87 пайызы табиғи отынмен қамтылған. Аудан 2025 жылға дейінгі барлық елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарын жүзеге асыруда.Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту үшін биыл 6 жобаны жүзеге асыру қолға алыныпты. Атап айтқанда, бұл жаңа қазандық салу, жылу желілерін ауыстыру, сумен жабдықтау желілерін қайта құру, газбен жабдықтау, теміржол арқылы өтетін көпір салу, кәріз тазарту құрылымдарын жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттілігінен туындады. Осы жобалардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге мемлекет тарапынан 242,6 миллион теңге бөлінген екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі тарапынан 5,5 миллиард теңгеге 6 ауызсу желісінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта тағы 6 елді мекенде су құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 12 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін 179,6 миллион теңгеге келісімшарттар жасалған.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ