Жаңалықтар

Қордай даму даңғылында

Қордай ауданы - облысымыздағы шырайлы ауданның бірі.Аудан өзінің бай тарихымен, табиғатымен және қазіргі кездегі даму қарқынымен ерекшеленетінін айта кетуіміз керек.Бұл өңірдің экономикалық және әлеуметтік келбеті жыл өткен сайын жаңарып, жаңғыруда.Аймақта өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласы тұрақты дамып, жаңашылдыққа бет бұрған. Аудандағы зауыттар мен өндіріс орындары аймақтың индустриялық әлеуетін арттырып, алға жетелеп келеді. Жергілікті кәсіпорындар мен зауыттарда өндіріс қуаттылығы еселене түскен. Кәсіпкерлердің табысты еңбегі мен инвесторлардың қолдауы да берекеге кенелтетінін айта кетуіміз керек.

Қордай ауданының экономикалық дамуы соңғы жылдары айтар­лықтай серпіліс алға­нына өңірге тартылған инвестициялардың өсіп, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің де тұрақты түрде артуы ықпал еткен. Жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің осы жартыжылдықтағы қорытындысымен өнеркәсіп 10,4 миллиард теңгені құрап, индекс көлемі 99,4 пайызға орындалған екен. Осындай оңды өзгерістерге қол жеткізілуі Қордай ауданын алдағы уақытта ірі өндірістік орталықтардың біріне айналдыратыны сөзсіз.

Ауданның құрылыс саласында да қарқын байқалады. Жаңадан мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары салынып, халықтың игілігіне қызмет етуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аймақтарды дамыту мақсатында көптеген нысан бой көтеруде. Жоба шеңберінде жолдар жөнделіп, мектептер мен ауруханалар салынып, мәдениет үйлері қалпына келтірілуде. Сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға да аталған жоба зор үлес қосуда. Жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік маңызы бар ғимараттар және инфрақұрылымдық нысандардың бой көтеруі аудан әлеуетінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Мәселен, биыл құрылыс көлемі 18,2 миллиард теңгеге жетіпті. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер 25,4 мың шаршы метр болса, меже 105 пайызға орындалған.

Ауданда бөлшек сауда айналымы да өсіп келеді. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатының артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа сауда орталықтары мен кәсіпорындар ашылып, жергілікті халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету деңгейі жоғарылаған. Сапалы қызмет көрсету және қолжетімді баға саясаты аудандағы бөлшек сауда секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты дамуына жол ашуда. Соның арқасында бөлшек сауда айналымының көлемі 19,4 миллиард теңгені құрап, нақты индекс көлемі 108,7 пайыз болған. 

Негізі ауданның Қырғыз елімен шекаралас болуы екі ел арасындағы барыс-келіс пен алыс-берістің дамуына мүмкіндік сыйлауда. Қордай шекара бекеті арқылы күн сайын жүздеген жолаушы, түрлі тауарлар мен жүк тасымалдары жүзеге асуда. Әсіресе ауылшаруашылық өнімдері мен өнеркәсіп тауарлары екі ел арасында қызу саудалануда. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда байланыстары халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына оң әсер етуде. Сонымен қатар шекара маңындағы аймақтарда мәдени және гуманитарлық байланыстар да ерекше маңызды рөлге ие.

– Ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктеріміз көңіл қуантады. Осы жылдың алғашқы жартысында ауылшаруашылығының инвестициясы 14,5 миллиард теңгеге жетіп, индекс көлемі 102,8 пайызды көрсетті. Бұл еңбекқор шаруалар мен ауданымыздың дамуы жолында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі.

Сонымен қатар бюджеттік қаражаттардың игерілуі 99,3 пайызға жетті. Бұл қаржының тиімді пайдаланылуы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. 2023 жылдан бастап аудан тұрғындарының пайдалануына 280 пәтер берілді.

Жер мәселесіне тоқталсақ, 2023 жылы жоспарланған  15 000 гектар мемлекеттік жер қорына қайтарылып, жылдық жоспар 100,4 пайызға орындалды. 2024 жылға аудан бойынша 6 000 гектар бекітілген болатын, қазіргі уақытта 2167,3 гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 715,2 миллион теңгеге 9 нысанның, ал жергілікті бюджет есебінен 247,3 миллион теңгеге 5 нысанның мердігерлері анықталып, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 

Қордай ауданы бойынша 26 269 түтін болса, экономикалық белсенді 79 325 тұрғынның ішінде 75 723-і жұмыспен қамтылған екен. Атап айтқанда, жалдамалы қызметкерлер саны 36 212 адам болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 39 511. Осы жылдың екінші тоқсанына тұжырымдама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 338 адам тартылып, 2 750 адам жұмысқа орналастырылыпты. Жыл басынан бері «Бастау бизнес» жобасы бойынша 205 азамат оқуын аяқтаса, жыл соңына дейін 897 адамды оқыту көзделген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға Қордай ауданына 95 азаматқа жалпы сомасы 140,3 миллион теңге қаражат бөлінген екен.

2024 жыл аудан экономикасы үшін ерекше серпінді кезең ретінде есте қалары анық. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 23,4 миллиард теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 124 пайыз өсімді көрсеткен. Бұл аймаққа құйылған қаражаттың тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Соның нәтижесінде бірқатар ауқымды инвестициялық жобалар қолға алынған.

Олардың ішіндегі ең ірілерінің бірі – «Central Asia Gold Production» ЖШС құрамында алтыны бар кенді бастапқы қайта өңдеуге арналған өндірістік кешеннің құрылысы. Бұл кешен аудандағы алтын өндірісін арттырып, өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар «Бай-Нұр» ЖШС жылына 5,8 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап, заманауи сүт фермасының құрылысын бастамақ. Ауданда тағы бір ірі жоба ретінде «Куленов» шаруа қожалығының жылдық қуаттылығы 2,2 мың тонналық сүт фермасын салу жоспары ерекше назарға алынды. Бұл жобалар ауылшаруашылығы мен малшаруашылығының дамуына үлкен серпін бермек.

Ауылшаруашылығы бағытында тағы бір маңызды жоба – «Қалдыбай тегі» шаруа қожалығының жылдық қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы. Бұл аудан тұрғындарын көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге және өнімді сақтау арқылы сапасын жақсартуға жағдай жасайды. Ал өнеркәсіп саласында «Gold Invest Capital» ЖШС мыс өндіру зауытының құрылысы қолға алынбақ. Зауыттың іске қосылуы ауданның экономикалық, экспорттық әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз.

Инвестициялық жобалар арасында «жасыл» энергетикаға да ерекше көңіл бөлініп отыр. «Insider group» ЖШС жел электр қуатын өндіретін жел паркін салуды жоспарлауда. Бұл жоба аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, энергия көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар индустриялық картадан тыс жоба ретінде «KORCEM» ЖШС цемент зауытының пилоттық жобасы да жақын арада іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы ауданның құрылыс материалдары саласында өзіндік орнын қалыптастырып, экономикаға оң әсер етпек.

Алдағы уақытта осы жобалардың жүзеге асуы аудан бюджетінің тұрақты түрде толықтырылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Ең бастысы, 600-ге жуық тұрақты жұмыс орнының ашылуы осы жобалардың айқын нәтижесі болмақ.

Аудан әкімдігі мен инвесторлардың бірлескен күш-жігерінің арқасында осы жобалардың жүзеге асуы ауданды жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.Қордай ауданының алдағы болашағы зор. Жаңа мүмкіндіктер мен жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастырып, оның аймақтық деңгейде маңыздылығын арттыратыны анық. Аудан халқының әл-ауқатын арттырып, экономиканы дамыту мақсатында алдағы уақытта да осындай жүйелі жұмыстар жалғаса береді.Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерді орындауда қордайлықтар жұмыла еңбек етіп, елдік үлгісін көрсетуде. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ