Дауыс беру әрбіріміз үшін маңызды
Атом электр стансасын салуға қатысты өтетін референдумда өз дауысын бермес бұрын әрбір азамат тағдыршешті мәселені терең түсініп, пайдалы әрі зиянды тұстарын таразылап, елдік деңгейдегі істі ой елегінен өткізуі керек. Осы мақсатта облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері жамбылдықтармен кездесулер өткізіп, халыққа АЭС туралы ақпарат беруде.
Өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, кәсіпкер Сәуле Рысбаева және ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің бөлім басшысы Айдар Қуатбеков №9 қалалық емхана ұжымымен кездесті.
– Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы барын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе көптеген өндіріс ошағы бар оңтүстік өңірлерде бұл мәселе тіпті күрделі. Өзім кезінде ірі кәсіпорынды басқарған азамат ретінде осы жағдайды жете түсінемін. Соңғы жылдары мемлекетіміз баламалы энергия көздерін белсенді дамытып, күн, жел, су энергиясын ұтымды пайдаланып жатыр. Алайда жаңартылған энергия көздері бүкіл елді электр қуатымен қамтамасыз ете алмайды. Атом электр стансасының салынуы еліміздегі электр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Бастысы электр энергиясы бойынша тәуелсіз елге айналып, көрші мемлекеттерден жылына миллиардтаған теңгеге энергия сатып алуды тоқтататын едік.
Дәрігерлер қауымы энергия тапшылығын болдырмау үшін атом электр стансасын салу қажеттілігін түсінсе де «АЭС тұрғындарға қауіп төндірмей ме?» деген уайымдарын жасыра алмады.
– Бір ескере кетерлігі, Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа адами фактор себеп болса, Жапониядағы Фукусима АЭС-індегі жарылысқа жер сілкінісі әсер етті. Алайда әлемнің көптеген елінде атом электр стансалары қауіпсіз жұмыс істеп тұр. Қазіргі заманда технология дамып жатқанын, ғылым бір орында тұрмайтынын ұмытуға болмайды. Біз соңғы технологияларды қолданып, қауіпсіздік деңгейі жоғары, үшінші буын стансасын салуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ дәрігерлер АЭС салдарынан Балқаш көлі зардап шегуі мүмкіндігін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Кездесу соңында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері медицина қызметкерлерін референдумға қатысуға шақырды.
* * *
АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелері – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қаржы және есеп» кафедрасының профессор ассистенті Мұрат Жұмаділдаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Айгүл Қабиева «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының ұжымымен жүздесті. Жиынды филиал директоры Нұрлан Сұлтанов ашып, жүргізді.
М.Жұмаділдаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауының мән-маңызына тоқталды. Елдегі ақша және несие саясаты, салық жүйесі және ауылшаруашылығы саласындағы қаржының игерілуі туралы ойын ортаға салды. Дамыған елдерге қарағанда Қазақстанда қаржы ұйымдарының табысы қомақты екенін, сөйте тұра шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде мән беретін мәселе аз еместігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақстанда АЭС салуды заман талап етіп отырғанын жеткізді.
– Өздеріңіз білесіздер, бізде электр энергиясы өте қымбат әрі тапшы. Ел экономикасының өнеркәсіп, ауылшаруашылығы секілді кез келген саласында электр қуатынсыз жұмыс жүрмейді. Ал электр энергиясын молынан өндірудің бірден-бір жолы – атом электр стансасын салу. Рас, кейінгі жылдары облысымызда желден, күннен, судан қуат алатын баламалы электр стансаларын салу қарқын алды. Бірақ ондай стансаларды салу қымбатқа түсуде. Өйткені оған қажетті құрылғылар сырттан келеді. Су электр стансасын салу үшін су тапшылығы болмауы керек. Бізге қарағанда судың басында отырған Қырғыз Республикасы секілді мемлекеттердің су стансасын салуға мүмкіншілігі жоғары. Әсіресе ауызсу тапшылығы электр энергиясынан кейін екінші орында тұр. Халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін де электр энергиясы керек. Ал күннен қуат алатын электр стансасын салатын болсақ, оған мыңдаған гектар жер қажет.
Қазіргі таңда әлемнің дамыған мемлекеттерінде 400-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Одан бөлек жаңадан салынып жатқан атом электр стансалары да аз емес. Егер біз де атом электр стансасын салатын болсақ, өз-өзімізді электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқа сату арқылы пайда табуға да болады. АЭС көмірмен жылытылатын стансаларға қарағанда экологиялық жағынан зиянсыз.
М.Жұмаділдаев Чернобыль мен Фукусима стансаларында орын алған апаттар жайлы білгенімен бөлісті. Ондағы жарылыстың бірі қызметкердің қателігінен болса, екіншісіне зілзала себеп болғаны, десе де әлемде қазір реакторлардың төртінші буыны пайдаланылып жатқаны жайлы деректер келтірді.
Айгүл Қабиева еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының тапшылығы жыл сайын орта есеппен 3 пайызға өсіп жатқанын, атом электр стансасының құрылысы мұны еңсеруге айтарлықтай көмегін тигізетінін жеткізді.
Штаб мүшелері банк қызметкерлерін 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, өз қөзқарастары бойынша дауыс беруге шақырды. Жиын соңында ұжым мүшелері АЭС салуға қанша қаржы жұмсалатыны, атом қалдығын жою мәселесі, радияцияның тірі организмге зияны секілді сұрақтарын қойып, тұшымды жауапқа қанықты.
* * *
Сонымен қатар штаб мүшелері «Запчасть» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен кездесіп, Қазақстанда атом электр стансасын салудың және 6 қазанда өтетін референдумда дауыс берудің маңыздылығы талқыланды.
Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен «А-Статус» білім беру кешенінің негізін қалаушы Сәуле Рысбаева қатысты.
– Атом электр стансалары тұрақты түрде электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл әсіресе өнеркәсіп пен ірі қалалар үшін маңызды. Сонымен қатар уранның үлкен қоры бар Қазақстан атом электр стансаларының арқасында энергияға деген қажеттіліктерді тиімді пайдаланып, көміртегі шығарындыларын барынша азайта алады.
Сондай-ақ Сәуле Рысбаева референдумда дауыс берудің маңыздылығы туралы сөз қозғады.
* * *
Кездесу барысында өнеркәсіп пен экономиканы одан әрі табысты дамыту үшін елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызы түсіндірілді.
Штаб мүшелері Батырбек Құлекеев пен Эльмира Қойлыбаева Тараз мамандандырылған колледжінің қызметкерлерімен, студенттерімен кездесіп, атом электр стансасының маңыздылығы туралы мәлімдеп, «жасыл» энергия көздерінің артықшылықтарын айтты.
Ал «Еуразия банк» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлерімен Тараз қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Рахманқұл Байтелиев кездесіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Штаб мүшелерінің сөзіне сүйенер болсақ АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі. Құрылысы көп уақыт алатын энергия көзінің салыну-салынбауы 6 қазан күні өтетін референдум нәтижесінде белгілі болады.
«AR-AI»-дың тілшілер тобы