Руханият

Тараздық жеткіншек ерекше күн электр стансасын жасады

«Талпынған жетер мұратқа» дегендей, үнемі ізденіс үстінде жүретін адам жаңа дүниелерді жасап шығаруға бейім болады. Осы жолда уақыты мен күш-қуатын сарқып, тынбай еңбек етеді. Сөйтіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді. Осы орайда тараздық оқушы Қанат Тәжіханның өнертапқыш ретіндегі алғашқы аяқ алысы көпшілікті сүйсінтіп отыр. Ол жақында қалқымалы күн панельдерін орнатып, әлемдегі алғашқы күн электр стансасын жасап шығарды.

Қанат Тәжіхан Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағыты бойынша 12-сыныбында оқиды. Ол жастайынан білім қуып, күні бүгінге дейін бірнеше жобаны жүзеге асырды. Талантты жеткіншек өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының грантын жеңіп алған болатын. 

Өз ойын іске асыруға білек сыбана кіріскен өнертапқыш оқушы күн электр стансасын Алматы облысында салған. Алдағы уақытта күн құрғатпай Қанат Тәжіханның өнертабысы еліміздің «жасыл» экономикасына сәтті жол ашып, энергия  өндіруде көмірге деген тәуелділікті азайтатыны көңіл қуантады.

Өнертапқыш өрен өзі орнатқан күн панельдерінің басқа құрылғыларға қарағанда артықшылығы көп екенін айтады. 

Осы уақытқа дейін түрлі құрылғылар ойлап тауып, өзгелерден оқ бойы ерекшеленіп, көзге түсіп келе жатқан жас өнертапқыштың бұдан өзге де жаңалықтары жетіп артылады екен. Ол қоқыс сұрыптау құрылғысы мен мүгедектігі бар адамдарға қажетті протез де жасап шығарған.

Қанат Тәжіхан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырды. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып отыр.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау қажеттігі баса айтылған. Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады. Осы орайда талантты жастарға берілетін гранттар 6 бағыт бойынша қолға алынған. Соның бірі – «Ғылым». Бұл бағыт ғылымның басым секторларында ғылыми жобаларды және зерттеулерді жүзеге асыруға арналған. Ал «Мәдениет» бағыты Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуді, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруды көздейді. «Ақпараттық технологиялар» бағыты жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған. «Бизнес» бағыты арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға болады. «Медиа» бағытында жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды танытуға мүмкіндік бар. «Волонтерлік» бағытына өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобалар кіреді.

Айта кету керек, 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 миллион теңгеден 30 грант беріледі. Олай болса, өңіріміздегі өзге де өнертапқыш өрендердің  мүмкіндікті мүлт жібермей, мемлекет қолдауына ие болуына тілектеспіз. 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ