Болашақтың бағыттаушысы
Биыл ақын, жазушы, сатирик Шона Смаханұлының туғанына – 100 жыл. Артында ешқашан мән-маңызын жоймайтын мол әдеби мұра, азамат ретінде айрықша із қалдырған қоғам қайраткерінің мерейтойына орай Тараз қаласындағы есімі берілген №44 орта мектепке арнайы барып, жай-күйімен танысып қайтқан едік.
1986 жылы 1 қыркүйекте қазақ-орыс тіліндегі аралас мектеп ретінде ашылып, 1989 жылы таза қазақтілді мектеп болып құрылған білім ошағы бүгінде өз деңгейінде оқушыларға білім нәрін құйып келеді.
Қазіргі таңда 177 ұстаз еңбек етіп, 1 000 оқушы білім алып жатқан мектептің директоры – Сандуғаш Иманбекова. Білім ордасы жетекші мектеп ретінде №50, №54 серіктес мектептермен «Сабақты зерттеу», «Іс-әрекеттегі зерттеу» бойынша тығыз байланыста жұмыс істейді. «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеулер» бойынша 4 тренер серіктес мектеп мұғалімдеріне жоспар бойынша жыл сайын мектепішілік курстар, коучинг, қалалық және облыстық семинарлар ұйымдастыруда.
Мектептің барлық мұғалімдері жаңартылған білім беру мазмұнының курстарына жыл сайын қатысып, кәсіби біліктіліктерін көтеруге ден қойған. 2022-2023 оқу жылында өткен мектепаралық рейтингпен «Инновациялық мектеп» деңгейіне тұрақтаған. Оқыту үдерісінде «Сабақты зерттеу» әдісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Әр ұстаз өз тәжірибелерін өздері зерттеп, рефлексия жасай отырып, кәсіби даму мен оқу сапасын арттыру жолында жұмыс жүргізеді.
– Шона Смаханұлы атындағы №44 қазақ орта мектебінің тұңғыш директоры Гүлсім Нұржанова болды. 1986 жылдан бастап ұлт ұрпағына білім беру мен оқушы көкейіне ізгілік дәнін себуден айнымаған мектебіміздің абыройы асқақ.Тарихы терең, тағылымы ерен білім ошағында 30 жылға жуық тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегенімді мақтан тұтамын. Жалпы білім саласындағы еңбек жолым осы мектепте өтуде. Осы жылдар ішінде қаншама түлек қияға қанат қақты. Солардың бірі – әлемге танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев. Мен оның сынып жетекшісі болдым.
Айта кету керек, мектеп дарынды оқушыларымен мақтанады. Мәселен, бір ғана халықаралық «British Bulldog» конкурсына 37 оқушы қатысып, бірнеше оқушы жүлделі орындардан көрініпті. Ал «Big. Ben» конкурсынан 9 оқушы жүлделі оралса, оның 9-ы І орынды жеңіп алған. Информатика бойынша қашықтан ұйымдастырылған халықаралық олимпиадаға 3 оқушы қатысып, І орын биігіне 2 оқушы қол жеткізсе, 1 оқушының ІІ орынды иеленуі мектептің жетістігін білдірсе керек.
– Мектеп – адамның өмір жолындағы бір тарихи белес. Мұндағы ұстаздарға айтылатын алғыс та зор.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ