Білім

Ұстаздық еткен жалықпас

Мұғалім болудың қоғам алдындағы жауапкершілігі өте ауыр. Өйткені қазіргі уақытта баланың білімі мен тәрбиесі оқушының мектепте өткен уақытымен өлшенетіні баршаға белгілі. Сондықтан ұстаздың ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелеуде білімі өзгелерден озық болуы тиіс.

Бала бойына мәдениеттілік пен әдептің, әдеттің ең асылын сіңіруге де қабілеті жететіндей болуы шарт. Жауапкершілік жүгі ауыр, жүктеме жүйке жұқартарлық болса да мұғалімнің маңдайының терін төгіп еңбек етуі – баладан тұлға жасаудың қамы. Әр үйдің бір-бір еркесінің ертеңіне алаңдап, тәлім-тәрбиесіне атсалысып, келешегінің кең, болашағының жарқын болуына өлшеусіз үлес қосатын ұстаздар қандай құрметке болса да лайық.

Жамбыл ауданы, Тоғызтарау ауылындағы Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектептің директоры Гүлшат Телеуованың мұғалім мамандығын таңдауына ұстаздар отбасында өмірге келуі әсер етсе керек.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, отбасы құндылығын қатаң сақтап, ұрпақтар сабақтастығын кешеден бүгінге жалғаған, өнегелі әулетте өсіп-өнген Гүлшат Десебайқызының еңбек жолы көпке үлгі. 

Әкесі Десебай еңбек жолын физика пәнінің мұғалімдігінен бастап, 20 жылдан астам уақыт мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Ал анасы Анаркүл еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. 

– Қос мұғалімнің әлдиімен жетіліп, тәлім-тәрбиесін алғандықтан еш уақытта мұғалімнен басқа мамандықты көз алдыма елестетіп көрген емеспін. Себебі әкем мен анам ізгіліктің, жақсылықтың, тәртіптің, білімнің жақсысы тек мектептен бастау алатынын санамызға сіңіріп өсірді. Қарашаңырақта өсіп-өніп, жан-жаққа қанат қаққан үш қыз әке-шешеміздің жолымен ұстаздық мамандықты меңгердік. 

Анам мектепте мұғалім болып сабақ берсе, үйде де ұстаздың ұлағатын көрсетті. Анам сабағында да, үйде де тамақ істеуден бастап, тігін тігу, тоқыма тоқу секілді еңбекке баулыды. Мектептегі тәлім-тәрбиені үйде де жалғастырып, еңбек есейтетінін, білім биікке жетелейтінін ұқтырды. 

Отбасындағы қыздардың үлкені Жанна Жамбыл ауданы әкімдігінің білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарса, Эльмира Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген Гүлшат Десебайқызы ұстаздық жолын пионер жетекшісі болып бастап, бүгінде әкесінің жолын қуып, мектептің директоры қызметін атқарып жүр. Қазіргі таңда Төлеген Тоқтаров атындағы орта мектепте 30 ұстаз еңбек етсе, 108 оқушы білім нәрімен сусындауда.

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ