Физиканы әнмен түсіндірудің әсері бөлек
Заманауи ұстаз қандай болуы керек? Оқушының сабаққа деген сүйіспеншілігін оятатын не нәрсе? Әсіресе техника күн санап дамып жатқан XXI ғасырда оқушыны әлденемен таңдандыру қиынның қиыны. Себебі бүгінгі балаға қарапайым дүниелер қызық емес. Олардың санасы қызық һәм ерекше жаңалықтарды ғана қалайды.
Сондай жаңа тәсілді қолданып жүрген физика пәнінің мұғалімі, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде көпке танылып, түрлі республикалық хабарларға қатысып, ерекше тәсілімен елді таңдандырған Рауан Жаңабай ән мәтіндерін өзгерту арқылы оқушыларға формулалар мен заңдылықтарды оңай түсіндірудің жолын тапқан.
Осы орайда оқырманды «Рауанға физика пәнін әнмен оқыту идеясы қалай келді және бұл қай әннен бастау алды?» деген сұрақ қызықтыруы мүмкін. Жас ұстаз мұндай ерекше әдісті ұстануға Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқып жүргенде ұмтылған. Ал тың ой Рон Кларк атты мұғалім жайлы фильмді көрген кезде туған. Фильм сюжетінде ұстаз АҚШ президенттерінің тізімін рэппен оқып түсіндіреді. Рауанға бұл идея қатты ұнайды. Бірақ іске бірден кірісіп кетуге батылдығы жібермей жүріп қалады. Кейінірек Қазақстанда Ұлан Үсенов атты химия пәні мұғалімінің осы тәсілмен дәріс бергенін көреді.
– Магистратурада білім алып жүргенде физиканы қызықты түсіндіру керек деп бір группаласым молекуланы әнмен түсіндірді. Сол сәтте-ақ осылай физика туралы ән жазып көрейін деп шештім. Ең алғашқы таңдауым Аргония мен Айқынның «Сендей ару жоқ» әніне түсті. Сөйтіп, әртүрлі ортадағы электр тоғы тақырыбын әнмен түсіндірдім. Сол ән арқылы «Instagram»-мен «Tik Tok»-та таныла бастадым. «Таңшолпан» бағдарламасына шақырды.
Біз осы ретте Рауан ұстаздың шәкірттерінің бірін сөзге тартып, физиканы әнмен түсіндірудің әсері қандай болатынын сұрадық.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ