Құқықбұзушылыққа жол бергендер анықталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыстағы бірқатар басшының заңнама талаптарын сақтамай, әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергендері анықталды.
Мәселен, Қордай ауданы әкімінің міндетін атқарушы мен Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 680-бабында көзделген мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін әрқайсысына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 11-бабы бойынша, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидат болып табылатын тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны міндетті түрде тапсырады.
Одан бөлек Тараз қаласының тұрғыны полиция басқармасының тергеушісіне 5 000 теңге заңсыз материалдық сыйақы аударған. Аталған тұлғаға ӘҚБтК-нің 676-бабында көзделген жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасы толтырылып, оған сот қаулысымен 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«AR-AI»-ақпарат