ДАРАҚ БІР ЖЕРДЕН КӨГЕРЕДІ
ДАРАҚ БІР ЖЕРДЕН КӨГЕРЕДІ
Хамиди Сұлтанқұлұлы 1957 жылдың 10 қазанында Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген Үлгілі сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттаған ол 1973 жылы Михайловка (Сарыкемер) ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебін бітіреді. Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы аяқтайды. 1979-1980 жылдар аралығында Жамбыл қалалық жедел жәрдем ауруханасында құлақ, тамақ және мұрын аурулары бойынша интернатурадан өткен соң, алғашқы еңбек жолын аудандық ауруханадан ЛОР дәрігері ретінде бастайды. 1980-1992 жылдары Байзақ аудандық ауруханасында отоларинголог, одан кейін аудандық арухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 1993-1996 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарды. 1998-2012 жылдары Жамбыл облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры, 2012-2017 жылдары Жамбыл облыстық қан құю орталығында директордың медицина жөніндегі орынбасары ретінде халық денсаулығын қорғауға үлес қосты. 2017-2020 жылдар аралығында «Айша бибі» шипажайында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, шипажайдың бас дәрігері лауазымдарын атқарып, зейнетке шықты. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған азамат зейнеттік демалыста болса да, бүгінде «Раяна» медициналық орталығында ЛОР дәрігері ретінде жұмыс істеп, аудан халқын емдеуге атсалысуда. Жоғарғы санаттағы ұйымдастырушы дәрігер Хамиди Сұлтанқұлұлы аудан және облыстық денсаулық сақтау қызметін жақсартуға бар күш-жігерін, білімін, беделін салып, абыроймен қызмет атқарғандығы үшін «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің, «Amanat» партиясының облыстық және қалалық филиалының, облыстық және қалалық мәслихаттардың, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының түрлі деңгейдегі марапаттарын иеленген. Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен провизорларының, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткен жеті съезге, сондай-ақ халықаралық ЮНИСЕФ, ЮСАИД ұйымдарымен тығыз байланыста болып, 2005 жылы Өзбекстан Республикасының Ферғана, 2007 жылы Ресейдің Санкт-Петербург, 2008 жылы АҚШ-тың Роли қалаларында өткен халықаралық конференцияларына делегат болып сайланды. Өмір бойы бір салада қол ұстасып, жұптары жазылмай қызмет етіп келе жатқан Хамиди Сұлтанқұлұлы мен Мейізкүл Шаухарованы бір арнада табыстырған да қызметке деген адалдық болатын. Бірінің ойын бірі толыстырып, бір салада қызмет еткен абыройлы жандар антына берік, қызметіне адал, кәсіби біліктілгі жоғары маман ретінде бірден көзге түсе білді. Қазіргі таңда жұбайы фармацевт, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Екеуі отбасында төрт ұл мен бір қыздан тараған он алты немерінің ардақты атасы, аяулы әжесі атанып отыр. Үлкен ұлы Мұхтар мен келіні «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның облыстық филиалында жетекші маман болса, екінші ұлы Мұхит пен келіні Мәншүк Астана қаласында тұрады. Түркия Республикасының «Дайкин» фирмасының Қазақстандағы өкілі, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қызы Камиланың мамандығы дәрігер. Түркістан облыстық денсаулық сақтау департаментінде бас маман болып істесе, күйеу баласы Нұржан – заңгер. Одан кейінгі ұлы Диас пен келіні Зарина Тараз өңірлік университетінде, ал кенже ұлы Темірлан – Астана қаласында қызмет істейді. Біз де өз саласының үздігі атанып, алпыс бес жасқа табан тіреген абзал жанды мерейтойымен құттықтап, алдағы кездерде де ел алғысын ала беруіне тілектеспіз.
Бақыт Жалғас