Қоғам

Құмар ойынның құрығынан құтылу қиын

Қоғамды алаңдатып отырған қауіпті дерт – лудоманияға шалдыққандардың қатары азаяр емес. Табысын тиын құрлы көрмей, бар байлығын букмекерлік кеңселерге салып жатқан ойынқұмарлар легі жыл сайын артып келеді.

Биылғы деректерге сүйенер болсақ, елімізде құмар ойыннан 36 мың адам зардап шеккен. Ал 2022 жылғы статистика бойынша, құмар ойын салдарынан 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған.

Лудомания сөзінің тікелей аудармасы «ақылы адасқанша ойнау» деген мағынаны білдіреді екен. Түсініксіз тілде терминге айналған бұл сөздің жетегіне ерген құмар ойын құлдарының көбі дерлік ересек адамдар. Осы орайда «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген сөз еріксіз ойға оралады.

Адамдардың кейбірі құмар ойынға ақшаның аздығынан барса, енді бірі дүниесінің асып-тасығанынан бет бұрады. Алайда құмар ойынға тіккен ақшаның қайтарымы жоқ екеніне көпшілігінің көзі жетсе де көңілі иланғысы келмей жатады. Құмар ойынның құрдымына түсіп, бар дүниесінен айырылған кейіпкеріміз Мейрамбек (есімі өзгертілген) те мұны растап отыр.

Мейрамбек – Меркінің тумасы. 11-сыныпты аяқтағаннан кейін Тараз қаласына жоғары оқу орнына түседі. Бала күнінде ешқандай жаман әдетке бойламаған ол 1-курсты тәмамдар тұста құмар ойынның қармағына ілінгенін өзі де байқамай қалады.

– Әке-шешем оқуым мен жүріп-тұруымның барлығын қамтамасыз етіп отырды. «Жұмыс істеп, өз оқуыңды өзің төле» деген сөздер мүлдем айтылмаған еді. Барлығы жақсы болып, оқуда да үздіктер қатарынан көріне білдім. 2 бөлмелі жалдамалы пәтерде 4 бала тұрамыз. Бір күні пәтерде бірге тұратын топтасымның туған күні болып, атап өту үшін би алаңы мен қоғамдық тамақтану орнына бармақшы болдық. Алайда менің қалтамда жай ғана жолақыға деген ақша қалған болатын. Эх, бұл пәлелер қай кезде, қалай ұстау керектігін біледі ғой, шіркін. Ұялы телефоныма құмар ойын сайтынан SMS-хабарлама келіп, тіркелгеніңіз үшін 2000 теңге береміз деген жазуға көңілім қуанып қоя берді. Сол мезетте тіркеліп, берілетін сыйақыларын алайын десем, оны белгілі бір бағдарламада ойнап, жеңген кезде  банк картасынан шығарып алады екенсің. Не керек, туған күнді тойлау уақытына дейін ойнап отырып, 15 мың теңгеге жеткізіп, шығарып алдым. Шотты төлеуге қаражатым толық жетіп, артылып қалды. Міне, осы сәттен бастап құмар ойынға деген құмарым арта түсті. Құмар ойынды қызығушылықтан емес, қаражаттың жетіспеуінен ойнағаным жаныма батады, – деп кейіпкеріміз күрсінді.Ойын жарнамаларының өзіндік оюлары мен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын сұлу сөздері көпшіліктің құштарлығын арттырады. «Елу берсең, жүз аласың» деген есер ойынның ессіз ерушілері өз-өздерін қоғамнан бөлек ұстай бастайды. Құмар ойынның құрығына іліккен адамдар психологиялық ауруға ұшырағанын өзі байқамайды. Ал ойыннан оңай ақша тауып үйренген адамдардың одан әрі құштарлығы арта түседі. Себебі бар ақшасын ұтылып, қолда бардың қадірін білмегеннен кейін адамдарды әртүрлі жолмен алдап соғып, ақшаларын алып кетеді. Өтірік сөздерді көп айта бастайды. Ешкімнен қымсынбай, көзбе-көз тұрып тақырға отырғызып кетеді. Өтірігі ашылып, ақиқаты анықталғаннан кейін кейбір адамдар өз-өзіне қол жұмсауды ең тиімді шешім деп ойлайды. 

Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің пікірінше, статистика бойынша елімізде 350 мың адам құмар ойынға кіріп, бар тапқанын бәске тіккен.

Бүгінгі қоғам дертіне шалдыққан кейіпкеріміз де мұндай оқиғаларға куә болғанын жасырмайды. Оның дауыс дірілінен істеген ісіне өкінетінін аңғардық.

– 2-курсты аяқтап жатқан кезім еді.1 жылдың ішінде бұл ойынның құдды бір құрастырушысына айналғандай болдым. Таңның атысы, күннің батысы букмекерлік кеңседе көгілдір экран алдында көзім талғанша отыратынмын. Сабағым нашарлап, үлгерімім төмендеп, жағдай қиындай түсті. Пәтерақыны да, жейтін тамағым мен жүріп-тұруыма деп салып жіберген ата-анамның ай сайынғы ақшаларын да осы бәлекеттің жолына сала бердім. Ол аз болғандай, әртүрлі шағын несие орталықтарынан, банктерден  несие алып, ұялы телефонымның өзін сатып жіберген едім. Пәтерде бірге тұратын достарымның әрқайсысынан қарызға деп ақша сұрап, қарабет болдым. Жұмыс та істемеймін. Ең қатты ұялатыным, әкемнің «оқуыңның ақшасын төле» деп салып жіберген ақшасын да ойынға тігіп жібергенім. Достарымның атынан несие рәсімдеп, ұялы телефондары мен жұмысқа арналған ноутбуктерін рұқсатсыз алып, сатып жібердім.Қарыздарымның пайызы күннен-күнге өсе берді. Оқуымды аяқтап, жұмысқа орналасқаннан кейін де бұл әдетім тыйылмады. Түнімен футбол көріп, ақша тігіп, таңертең жұмысқа кешігіп баруды шығардым. Көп ұзамай ол жұмыстан да шығарып жіберіп, қара жұмыс істеуге тура келді. Былыққа белшемнен батып, қарызданып жүргенімде әскерге шақырып, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанып кеттім. Әскерден келгеннен кейін де қоғам дерті құмар ойыннан бойымды алшақ ұстай алмадым. 2023 жылы жан жарымды кезіктіріп, отбасын құрдым.  Алайда құмар ойынның кесірінен күнде ұрыс-керістен көз ашпай, бір-бірімізді көрместей болдық. Міне, қазір достарым менен алшақтады, банк шоттарым бұғатталды, біршама миллион қарызға кірдім. Ең сорақысы – ата-анамның көз жасына қалып, сенімінен айырылдым. Жақында ғана жанұя құрып, шаңырақ көтергеніммен ақырында ажырасып тындым. Бұл дерттен айыға алмай келе жатқаныма 
7 жылдай болды. Басыңа пәле келсін демесең, құмар ойынға мүлдем жоламаған жөн екен, – деп, кейіпкеріміз өткен іске өкінетіндігін жеткізді.

Құмар ойын адамды тек қана ақшасынан айырып қана қоймайды. Ол психикалық ауруға ұшыратып, өлімге итермелейтін ауыр дерт. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай Құнанбаев айтқандай,  оңай ақшаға үйреніп, ойын арқылы өзін жеңіл сезінетіндер соңында жеңіліс табатынын біле бермейді. Қазіргі таңда ел алдында жүрген азаматтар, өнер адамдары, спортшылар құмар ойынға жарнама жасап, сол үшін қомақты қаржы алуда. Қалтасының қамын ойлаған бұл кісілер жастардың жаман жолға түсуіне атсалысып жатқандарын білсе де көз жұма қарайды. Сол себепті кейіпкеріміздің күйін кешіп қалмау үшін құмар ойынға жақындамағандарыңыз жөн. Құмар ойынның жалауын көтеріп, жарнама жасап жүрген жандардың жақындары да Мейрамбектің жағдайына түскенде өз істеріне ойлана жатар. 

Құмар ойыннан жеңдім деген адам жоқ. Ал жеңіске жеткендер – мүлдем ойнамайтындар!

  Мұқағали БАЛТАБАЕВ