Қаржылық сауатты болуымыз қажет
Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша жиын өтті. Іс-шараға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қаржы және есеп» кафедрасының профессор ассистенті Мұрат Жұмаділдаев қатысып, қаржы сауаттылығы, салық мәдениеті туралы ойларын білдірді.
– Кредит алу – өзара алдасу. Мән беріп есептесе, әрбір кредиттің қайтару төлемақысы алған соманың өзіне тең. Осыны білсе де кредит алушы «несиеге алынған тұрмыстық бұйым арзанға түсті» деп өзін-өзі алдайды. Банктер болса, нақты қайтарылатын пайыздың толық көлемін, яғни тиімділік коэффициентін жасырады, кредиттен болатын шын қауіптерді өз мүдделері үшін айтпайды. Алдасудың ақыры моральдік, материалдық зардап шегулерге жалғасатынын өмірден көріп жүрміз.
Президент айтып өткендей, банк туралы жаңа заң қажет. Халқымыздың қаржы саласындағы сауатсыздығын пайдаланған банктер байлыққа кенеліп, тұрғындардың тұрмысын нашарлатты. Жаңа заң еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырып, банк саласындағы олигархтардың күшін жою керек. Тұрмыстық несиеге бәріміз жаппай тәуелдіміз. Кезінде бір банктің басшысынан журналистер «Сіз өзіңіз тұрмыстық несие аласыз ба?» деп сұрапты. Сонда әлгі басшы: «Мен тұрмыстық несие алатын ақымақ емеспін», – деп жауап берген екен.
Біздер қаржы саласында 30 жылғы жүйемен жұмыс істеп келе жатырмыз. Банк саласындағы жүйені өзгертетін уақыт келді. Жолдауда осының бәрі ашық айтылды, – деп пікір білдірді қаржы маманы.
Сондай-ақ Мұрат Жұмаділдаев салық мәдениетін қалыптастыру жөнінде де музей қызметкерлеріне тереңірек түсіндіріп өтті.
Кездесуде өрелі ойлар айтылып, пікір білдірілді. Сұрақтарға жауап беріліп, жұртшылық керек ақпараттарға қанықты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА