Жаңалықтар

Ескірген желілер жаңартылуда

Тараз қаласының шеткі аумақтарындағы тұрғындардың электр жарығының жиі сөнетінін айтып, шағымданып жататынын талай көргенбіз. Олардың мәселе көтеретініндей-ақ бар. Өйткені үп еткен желге, сіркіреп өткен жауынға бола жарықтың сөніп қалуы адамды зәрезап қылатыны анық. Білгеніміздей, бұл тозығы жеткен электр желілерінің сапалы әрі тұрақты ток өткізуге мүмкіндігі жетпеуінен екен. Қазіргі таңда бұл мәселе біртіндеп шешімін таба бастапты.

Бұған біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Онда журналистер электр бағаналары жаңартылып жатқан аумақтардағы жұмыстармен танысты.

Баспасөз турына аталған департамент басшысының орынбасары Мүслім Қалдыбай, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «АMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері қатысты.Электр жарығының сапасы сын көтермейтін аумақтың бірі – халық арасында «Қайнар» тұрғын алқабы. Баспасөз турында әуелі аталған тұрғын алқаптағы Сеңкібай көшесіне келіп, қызу жұмыстың үстінен түстік. Мұнда ауыстырылып жатқан жарық желілерінің жұмысы 70 пайызға аяқталған екен. Енді бір ай көлемінде Сеңкібай көшесінің тұрғындары су жаңа инфрақұрылымның игілігін көреді.

«Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас инженерінің орынбасары Денис Фоменконың айтуынша, мекеме жұмысы 1999 жылы басталған. Содан бері халыққа электр жарығын жеткізумен үздіксіз айналысып келеді.

Кәсіпорын 2021-2025 жылдарға жалпы сомасы 5,7 миллиард теңге болатын инвестициялық бағдарлама бекіткен екен. Оның ішінде осы жылға арналған шығыстар көлемі шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған қаражат кернеуі 35-110, сондай-ақ 6-10 киловольттік қосалқы стансаларға жабдықтар коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне (АСҚЕ) бақылау-өлшеу аспаптары мен жабдықтарын және байланыс құралдарын көліктер мен арнайы техникалар паркін жаңарту, компьютерлік техниканы сатып алуға бағытталған.Денис Фоменко мекеменің мақсаты электр желілерінің жағдайын жіті назарда ұстау екенін түсіндірді.

– Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі электр желілерінің үштен екісі, яғни 57 пайызының тозығы жеткенін айтып, мәселені шешуге қатысты нақты тапсырма берген болатын. Алдымызда желiлер мен электр қуаттарының тозуын кемiнде 15 пайызға азайту міндеті тұр. Серіктестіктің 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламасына сәйкес аудандардағы 6-10/0,4 киловольттік электр желілері қайта жаңартылады.

Сұхбат барысында Сеңкібай көшесінде атқарылған жұмыстар жайын сұрадық. Көше бойына алдымен 0,4 киловольт электр желісінің ескі тіректерін жаңа темірбетон тіректеріне ауыстыру жұмыстары жүргізіліпті. Мұнан соң ашық кабель оқшаулағышқа ауыстырылған.

Баспасөз туры аталған «Қайнар» тұрғын алқабында жаңадан салынып жатқан КТП-492 қосалқы стансасында жалғасты. Мұндағы КТП-492 қосалқы стансасы желілерінің ұзындығы шамамен бес шақырымды құрайды. Біз барған уақытта жұмысшылар желіні, жаңа бетон тіректерді дайындап жатты. Сондай-ақ СИП магистральдарының жұмысы да бітуге жақын екенін байқадық. Нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осылайша тағы бір қосалқы станса пайдалануға берілмек. Бір айта кетерлігі, жаңа қосалқы станса іске қосылған жағдайда «Қайнар» тұрғын алқабындағы 510 абонент, Сеңкібай көшесіндегі 70 абонент су жаңа электр желісіне қосылатын болады. Жалпы 2024 жылы Таразда бір жарым мыңға жуық жеке және 91 заңды тұлға жаңартылған желілер арқылы электр энергиясын пайдалануда.

Шу, Қордай, Мойынқұм, Талас, Байзақ, Сарысу, Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Аудандардағы 42 қосалқы стансадағы ұзындығы 86 шақырымды құрайтын желілер жаңартылуда.

Аталған жұмыстар тұрғындардан түскен қаржы, яғни тарифті инвестицияға айырбастау есебінен атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Жалпы жаңарту жұмыстары электр энергиясын тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ