«HALAL EXPO» халал индустриясын дамытуды көздейді
Тараз қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының ұйымдастыруымен «HALAL EXPO – 2024» халықаралық көрмесі өтті. Іс-шараның ресми ашылуына бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» деген. Бұл аятқа амал еткен күллі мұсылмандардың қарашаңырағы саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал көрмесін жыл сайын әрбір өңірде ұйымдастыруда.
Халал индустриясын дамыту, адал тағамды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық көрмеге әлемдік және отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, өндіріс саласының үздіктері мен мемлекеттік ұйымдар, сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар көрме кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметтерін ұсынуға, тұтынушыларға түрлі халал өнімдермен танысуға, өндірушілерге өзара әріптестік келісім орнатуға, халал жөнінде жаңа мағлұмат алуға мүмкіндік берді.
– Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан айтулы іс-шаралардың бірі. Діни басқарманың ұйымдастыруымен халықаралық «HALAL EXPO» көрмесі төртінші рет өткізілуде. Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент шаһарларында ұйымдастырылды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА