Жаңалықтар

Өнегелі өмір иесі...

Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтындар болады. Олардың өздері дүниеден өтсе де, есімдері ескірмей, халық жадында сақталатыны анық. Ұзақ жылдар бойы жол саласында жемісті еңбек еткен Мырзахан Ибрагимов ғибратты ғұмырымен өскелең ұрпаққа үлгі болған атпал азаматтың бірі еді.

Ол 1971 жылы Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Мырзекең жасынан алғыр, ағайын ортасында ардақты, туған-туыс арасында құрметті болып өсті. Білсем, көрсем, үйренсем, барсам, жетсем деген талпыныс оны қатарынан оқ бойы оздырды. Содан болар, кіндік қаны тамған елді мекендегі орта мектепте оқып жүріп-ақ еңбекке ерте араласты. 

Әкесі Қыраубек пен анасы Ұлтуаштың тәлім-тәрбиесін алған жігіттің төресі жүрегі жомарт, жаны жайдарлы азамат ретінде де өз ортасына өте сыйлы болды. Жұмбағы көп жол саласындағы еңбек жолын Кеңес үкіметі кезінде бастаған ол ізденімпаздығы арқылы сатылап өсті. Өз міндетін адал атқарып, елдің қадірлісіне айнала білген азамат өмірінің соңғы жылдары асфальт шығаратын зауытта басшылық қызмет атқарды. Жалпы, ол қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де әппақ арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылмады. Оның зердесінің кеңдігі, рухының мықтылығы замандастарын тәнті етті.

«Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар. Мырзаханның туған ағалары Мырзахмет пен Нұрғали да артынан ерген бауырына қамқор болды. Қос ағасы оған білгенін үйретіп, туған жеріне, ауылына, сол арқылы кең байтақ Отаны – Қазақстанға адал еңбек сіңіруіне ықпал етті. Ал, әпкелері Перизат пен Фарида, қарындасы Күлшат зиялылық пен парасат биіктігінің үлгісін көрсетті. Бұл – Мырзекеңнің ата-анасы Қыраубек ақсақал мен Ұлтуаш апамыздың ұл-қыздарын бауырмал етіп өсіруінің шын нәтижесі еді. Көз көрген перзенттерінің бойына адамгершілік пен имандылық қасиеттерін дарытуға күш салған әкесі 71 жасында өмірден өтсе, 2021 жылы 81 жасқа қарағанда шағында аяулы анасы да мәңгілік мекеніне аттанады. Бақ қонып, Қыдыр дарыған осынау әулетке бүгінгі Бірлесу-еңбек ауылы тұрғындарының құрметі ерекше. 

Мырзекең көзі тірісінде-ақ «ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым» деген жанның бірі. Құдай қосқан қосағы Гүлмира екеуі шаңырақ көтерген сәттен бастап, балаларының тәрбиесіне келгенде барлығын талбесіктен бастағанды жөн санады. Бастысы, олар ізін жалғар ұлдарымен, өрісін кеңейтер қыздарына қазақы тәрбиенің даналығы мен даралығын беруге тырысты. Осылайша, тұла бойы тұңғышы Жазирадан кейінгі Сабира, Даниал мен Еділхан толыққанды отбасында өсіп, жетілді. Бұл күнде Жазира құқық қорғау органдарында еңбек етсе, Сәбира Астана қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Ал, Даниал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде заңгер мамандығының 2-курс студенті.  Кенже ұлдары Еділхан әлі мектеп қабырғасында.

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген бар. Уақыт алға жылжыған сайын Мырзахан ағамыздың тау тұлғасы да жарқырай түсетіні анық. Алайда, туған елге аянбай еңбек етуді мұрат еткен Мырзекеңнің азаматтық парызы өтелгендей. Оған бұл күнде әр салада еңбек етіп, білім алып жүрген әрі құпияға толы әлемге қадам басқан ұл-қыздарының жетістігі куә. Сірә, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Мырзахан Қыраубекұлы арамызда жүрсе, ағалық мейірімін сезінер едік. Енді бізге бұйырғаны – оны әрдайым еске алып, ол салған сара жолды жалғастыру...

 

Есен ӨТЕУЛІ