Қазақстанда жүрек аритмиясын емдеудің жаңа технологиясы енгізілді
Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып жүрек аритмиясын емдеудің жаңа технологиясын енгізді, деп хабарлайды arainfo.kz
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, UMC жүрек орталығының мамандары әлемнің жетекші клиникаларында қолданылатын жүрек аритмиясын емдеудің озық әдісі – Farapulse электроимпульсті абляциясын сәтті енгізді. Технология жоғары қауіпсіздік пен тиімділікке ие және ем-шарадан кейін пациенттердің қалпына келу уақыты 1-2 күнге дейін қысқарады.
Еуропалық жүрек ассоциациясы қауымдастығының (EHRA) хатшысы болып табылатын, әлемге әйгілі кардиолог, француз клиникасы Clinique Pasteur профессоры Серж Боведа жаңа технологияны қолдану бойынша мастер-класс өткізді.
Farapulse технологиясы Қазақстанда ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында алғаш рет енгізілді. Ол пациенттерде жүрекше фибрилляциясы– жүректің жоғарғы камераларының тез және ырғақты емес жиырылуы пайда болған кезде қолданылады. UMC жүрек орталығының мамандары доктор Боведаның жетекшілігімен мастер-класс барысында 8 ем-шара өткізді.
Бұл технологияны енгізу әсіресе өзекті, өйткені жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.