ТАҒЫ БІР КҮЗ ӨТІП БАРАДЫ
ТАҒЫ БІР КҮЗ ӨТІП БАРАДЫ
Тағы бір күз өтіп барады, Ақ қыс пен ызғардың хабары. Арманға жете алмай жүрек тұр, Сағыныш жас толы жанары.
Мүнира Дүйсебайқызы
Адам дегенің бұл дүниедегі ең бір жұмбақ, санасы мен ойы, түйсігі мен сезімі ерекше құбылыс иесі. Дүбірлі өмір жолында кіммен жолығып, кіммен пікірлеспейсің, тәйірі. Жақсымен кездесіп, ой бөліссең ішкі дүниең марқайып, көңілің көтеріліп, қанаттанып, бір жасап қалатының бар. Сондықтан ойы сергек жақсы адамдар көбірек жолықса екен деп тілейсің. Тағдыр деген кімге не ұсынып тұрғаны бір Жаратушыға ғана белгілі. Әр адамның жан дүниесі сырлы бір әлем. Оны кез келгеннің алдына ақтарып, жайып тастамайсың. Тек сенімді, пейілі таза, жүрек жылуы мол, жаныңа жақын тартатын кісілерге ғана ашылатының бар. Сіздерге ұсынып отырған шағын хикая бір сырлы, нәзік жанның күнделігінен үзінді. Анда-санда қолыма қалам алып, ой тербейтін әдетімнің бар екенін білетін бір танысым бірде «кәдеңізге жаратарсыз» деп ұсынған еді. Көптен бері реті келмей, жуырда ғана ақ қағазға түсіргенім бар. Ендеше сол хикая-күнделікке назар аударайық. «Иә, тағы бір сағынышқа толы қоңыр күз өтіп барады. Бұл уақыт дегенде, сірә, тоқтам бар ма? Жұмған алақандағы құмдай сусып, зымырандай зулайды-ай келіп. Әттең, сол уақыт қадірін бағалай білсек қой, шіркін! Адам болып өмірге келіп, ес білген, ержеткен әр жан бақытты болуды армандайды емес пе? Менің сол бақытыма жете алмай жүргеніме не себеп? Осы ой мені сирек болса да мазалайды. Сәл ертеректе кітаптан оқыған мына бір аңыз әңгіме есіме жиі түседі. «Ауылдың шетінде тұрған қарапайым ғана, әдемі үйдің есігі қағылып, үй шаруасында жүрген әйел есік ашты. Есіктің алдында шаштары аппақ үш қарт кісі тұр екен. Бұл кісілер үй иесіне таныс емес еді. Сонда да сәлемдескен соң оларды үйге кіріп демалуға, асқа отыруға шақырды. – Отағасы үйде ме? – деп сұрады бірінші тұрған қарт кісі. – Ол жұмысына кеткен, кешке келіп қалар, – деді әйел. – Е-ее, жөн! Онда отағасының келуін күтейік, үйге кірмейміз, – дейді әлгі қариялар. Кешке күйеуі жұмыстан оралған соң, әйелі болған жайды оған баяндайды. – Тезірек ол кісілерді шақырып кел! – деді таңырқаған күйеуі. Үй маңындағы жапырақтары мол ағаш көлеңкесінде демалып жатқан қарттарды әйел іздеп тауып, оларды үйге кіруге шақырып еді, олар бастарын шайқады. – Бәріміз бір уақытта үйге кіре алмаймыз, – дейді олар. «Неге?» деген сұрақты күтпестен алдында тұрған қарт кісі: – Мына кісінің аты – Байлық, анау кісінің аты – Табыс, ал менің атым Махаббат, – деді өздерін таныстырып. – Күйеуіммен ақылдасайын, – деп әйел үйіне кіріп кетті. Қатты қуанған күйеуі: – Бұл бір таңғаларлық іс екен, онда біз Байлық қартты үйге кіргізейік, үйіміз байлыққа толсын, – дейді. Әйелі оны құп көрмей: – Отағасы, біз неге Табыс қарияны кіргізбейміз, әр ісіміз табысты болса, бай болмаймыз ба, – деді. Ас бөлмесінде жүрген жас келін бұлардың сөзін естіп: – Біз Махаббат атайды шақырсақ, тіптен жақсы болмай ма? Үйіміз мейірімге, махаббатқа толады, – деді қарақат көздері жәудіреп. – Жарайды, келініміздің сөзін жерге тастамайық, – деді атасы мейірлене. Әйел есік алдына шығып: – Махаббат атай қайсы кісі? Сол кісі үйге кірсін, – дейді. Махаббат атай есіктен кіріп еді, қалған екеуі де бірге кірді. Әйел таңғалып Байлық пен Табыстан: – Мен тек Махаббатты шақырдым, сіздерге жөн болсын, неге кірдіңіздер? – деп сұрайды. Сонда қарттар жарыса: – Махаббат қайда болса, біз де сондамыз! – деп бірін-бірі қостап ішке енеді». Бұл аңыз болса да адамды ойландыратын, толғандыратын, әсерге бөлеп, тағылым беретін тәмсіл дүние. Халқымыз осындай ертегі-аңыздарды шығарарда салиқалы, салмақты, тәлім-тәрбиелік мәніне көп көңіл бөлген емес пе? Мына аңыз-әңгіме де кімді болмасын ойға қалдырады... Алла Тағаланың ісіне амал жоқ. Бірақ тағдыр мені неге сонша қатал жазалағанына ойым жетпейді. Біреудің ала жібін аттамадым. Ес білгелі жақсылыққа жанасып, таза, адал өмір сүруге талпындым. Жаратқан Ием тым жас кезімнен мені неге қайғы мен қасірет құшағына алып, қанатымды қайырып, тағдыр тұманына тұншықтырды? Оған не себеп? «Әркімнің тағдыры туғанда пешенесіне жазылып тұрады» дейді білгіштер. Сонда менің пешенеме жазылғаны осы ма екен? Тағдырым неге тым қатал? Өзекті өртер жан жарасына ешбір ем жоқ па? Сірә, қарттар айтып отыратын «Адамның басы – Алланың добы» болғаны рас па? «Адамдардың тайғақ тағдырлары пейілінен» дейді тағы бір білгіштер. Ендеше, менің басымнан өтіп жатқан мына қасіреттер менің пейілімнен бе? Қай әрекетім Алла Тағалаға жақпай қалды екен? Ойлап отырсам, өмірлік серігім, асыл жарым Жаншуақты қара жер қойнауына бергеніме міне, жеті жыл болыпты. «Уақыт барлығына емші» дейді қазекем. Қайда-а-н! Жан жарасын емдеу, сірә, қиынның қиыны-ау деп ойлаймын мен. Бірге отау тігіп, шаңырақ көтеріп, қол ұстасып, бар болғаны бір жарым жыл-ақ бірге жүріппіз! Тым аз уақыт! Тым шолақ өмір! Біз үшін қандай бақыт еді ол күндер. Нұрлы, қызықты, шуақты еді-ау. Өміріміз де, тірлігіміз де, сөзіміз де, әзіл-қалжыңымыз да, барлығы, барлығы жарасымды еді. Бірге тәтті қиялдарға беріліп, алдымызға биік мақсаттар қойып, арман қанатына ілесетін сәттеріміз де аз болмайтын. Тым қысқа тағдырыңды алдын ала сездің бе, әрдайым асығып жүретінсің. Негізгі қызметіңнен қолың қалт етсе болды, үйге асығып, менің қасымнан табылуды қалайтынсың. Бала мінезіңді қалай ұмыта аламын? Күні кешегідей бәрі есімде, көз алдымда. ...Иә, барлығы күні кешегідей. Алматыдағы әскери оқу орнын бітіріп келіп тұрып, Тараздағы медициналық колледжді тәмамдап, медбикелік қызметімді жаңа бастай бергенімде, сезіміңді білдіріп, қайта-қайта сөз салып, маған үйленіп, қызмет бабымен Аягөздегі әскери қалашықта тұрдық емес пе? Алғашқы кезде мен үшін өте ауыр болды. Белгісіз өңір, бөтен аймақ, бөтен қала. Шүйіркелесіп кететін құрбы-құрдас түгілі таныс та жоқ. Сол кезде мен қатты қиналдым. Тіпті сенің әскери қызметіңе риза болмай, саған қапаланғаным да рас. Келе-келе барлығы өз ретіне келді емес пе? Уақыт келе ол жерден де достар таптық, көңілді өз ортамыз пайда болды. Есіңде болар, бірде Аягөз өңіріндегі мәңгілік махаббат мекеніне айналған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» кесене-күмбезіне бардық. Бабаларымыздың асыл махаббатының куәсі, пәленбай ғасырлар бойы жел мен жауын-шашынға дес бермей тұрған таңғажайып кесенеге, мәңгілік ыстық сезімнің символына айналған ғашық иелеріне бас идік. Ішімізден махабатымыз мәңгілік болып, ұрпағымыз өсіп-өніп, бақытты, ұзақ өмір сүрейік деп тіледік. Біз келер болашағымызға сендік. Өйткені ол кезде бірігіп, өмір жолын батыл, игі тілекпен бастаған үлбіреген жас едік, жан жылуымыз мол жас отау едік. Несін айтайын, ол бақыт көктемі бүр жарып тұрған әдемі кез еді. Сол бір нұрлы, бақытты сәттерді еске алсам әлі күнге дейін жүрегім қарс айырылып, тынысым тарылып, көздеріме мөлт-мөлт етіп ыстық жас келеді. Не амал бар тағдырдың жазғанына? Тіпті жан сырымызды толық жеткізе алмадық-ау деп те өкінемін кейде. Күрсінесің, күңіреніп, қайғыға батасың... Іштегі ауыр шерді көз жасыңмен сыртқа шығарасың. Одан басқа қолдан келер не шара бар? Әркімге барып көңілдегі сырыңды, ішкі дүниеңді аша бермейсің. Сенің сол көңіл күйіңді біреу түсінер, біреу түсінбес. Әркімнің өз өмірі, өз тағдыры, өз ісі бар. Әттең, ең өкініштісі, баянды бақытымыз, үкілі үмітіміз, үлгілі де қызықты махаббатымыз күтпеген жерде күрт үзілді-ау. Көгілдір көктемнің бір кешінде Жаншуақ сен ойда жоқ жерде жол апатына ұшырап, келместің кемесіне мініп кете бардың. Төбемізге жай түскендей есімізді жия алмай, көз жасымыз көл болып артыңда біз қалдық. Сөйтіп, бір-ақ күнде қайғының құшағына оранып, жылап-сықтап, артыңда аңырап қалдық емес пе, жаным. Сен бар болғаны 24-те едің, ал мен 23 жаста болатынмын. Ойдан ой туады. Кейде есіме халық арасында жиі айтылатын мына бір аңыз әңгіме түседі. Айтушылар былай дейді. Ертеде бір адам жалғыз перзентке зар болып, Құдайдан күнде «Бала бере гөр» деп жалынып сұрайды екен. Зарығып жүргенде Жаратқан Иеміздің назары түсіп, әлгі кісінің тілегі қабыл болыпты. Әдеттегідей жалбарынып жатып ұйықтап кеткен оның түсіне ақ сақалды қария кіріп, «Сенің тілегің қабыл болып балалы боласың, бірақ бұл баланың өмірі ұзақ болмайды. Басыңа қонған бақыт мәңгілік емес, ары қарай барлығы да ниетіңе байланысты өрбиді» деген екен. Көп ұзамай әлгі адам перзентті болып, қуаныштан ұлан-асыр той жасайды. Тойға жиналған жұрттың көл-көсір ақ тілегін тыңдап, қанша көңілденейін десе де жүрегінің түкпірінде бір үрей тұрып алады. Түсіндегі қарияның «...Бұл баланың өмірі ұзақ болмайды. Басыңа қонған бақыт мәңгілік емес», деген сөзі көкейінен кетпей, бойын қорқыныш билеп, мазасы кетеді. Сөйтіп, жұрттың ақ тілегі көл болып төгілген ғаламат той да аяқталады. Жанына медет таппай баласын әлдилеп, аймалап отырып ұйықтап кеткен оның түсіне ақ сақалды қария тағы да кіріп: «Әй, пендем, мен саған айтып едім ғой, бәрі де ниетіңе қарай болады деп. Еңсенді түсірмей, көтер басыңды. Жаратқан Иеміздің көңілі саған иіп, мына өмірде сәбидің иісін иіскемей өтпесінші, уақытша болса да перзент қызығын көрсінші деп бала берді. Сен осы қуанышты жұртыңмен бөлісіп ұлан-асыр той жасадың. Тойда айтылған ақ тілектің есебі болмады. Барлығы да саған шын ниетпен бақыт тілеп, балаға ұзақ ғұмыр бере гөр деп тіледі. «Көп тілегі – көл» деген осы, Жаратқан Иеміз ел-жұрттың тілеген тілегін қабыл етіп, балаңа ұзақ ғұмыр берді. Бақытыңды бағалай біл», деп ғайып болыпты. Сөйтіп, баланың ғұмыры ұзақ болып, бақытты өмір сүріпті. Осы аңызда айтылғандай, біздің үйлену тойымызға жиналған жұрттың ақ тілегі көл болып, «Махаббаттарың баянды болсын», «Бақытты болыңдар», «Шаңырақтарың биік, босағаларың берік, ғұмырлы болып, бастарың бір жастықта қартайсын» және де басқа небір ізгі тілектер айтылды. Жаратқан Иеміз көпшіліктің шын жүректен тілеген тілегін қабыл етеді демеуші ме еді? Ендеше, неге сол тілектер орындалмады? Оған не себеп? ...Міне, сол қайғылы күндерден бері сырғып он бес жыл өте шығыпты. Бірақ жаралы жүрек сені ешкімге алмастыра алмай, сары сағыныш мені бейжай күйге бөлеп, ішкі дүниемді астаң-кестең етіп, жүйкемді жұқартқандай болады. Тағдыр солай болды. Өкініш өзегімді өртейді, санамды сабалап, кеудемді қысады. Жарық дүние ешкімге де тұрақ емес екенін біле тұра, «Әттең, неге біздің бақытты күндеріміз тым қысқа болды» деп қамығамын. Не амал бар? Барлығына көнеді екенсің. Менің Аллаға тәубе ететінім, артыңда алтын асықтай ұлың мен құлпырып өскен гүлдей қызың қалды. Екеуі де есейіп, білімге сусындап, қатарларынан қалмай көк желектей желкілдеп өсіп келеді. Ұлың он беске, қызың он төртке толды. Сен көз жұмғаннан кейін 5 айдан кейін дүние есігін ашқан қызыңның түр-әлпеті өзіңнен бір аумай қалғаны қызық. Оны көргенде барлығы еріксіз сені естеріне алады. Екеуі де оқу озаттары. Кейде сені базбір себептермен іздейтіндері бар. Естері кірген сайын ойлы болып барады. Әрдайым есімізге алып, саған Құран бағыштап отырамыз, Жаншуақ. Олар, менің ойымша сенің ошағыңның отын сөндірмес, сірә. Келер күндерден үміт үзбейік. Уақыт өте келе олар да оңы мен солын танып, келешекте парасатты, ақылды, ойлы боларына күмән келтірмеймін. Барлық қиындыққа мойымай, басқа салған ауырлықты мойныммен көтеріп, сен жаққан отты сөндірмей, мына аласұрған тағдырмен арпалысып келемін. Сенің жоқтығыңды білдірмей, ұлымыз бен қызымызды жетілдіріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруге Алла Тағалам маған күш-қайрат берсін. Несін жасырамын, кейде жаныма медет таппай, көңілім құлазып, қиналып «аһ» ұратын күндерім мен түндерім аз емес. Тағдыр бізді армандарымызға жеткізбей, мезгілсіз қанатымызды қиып, тым ерте, иә, тым ерте ажыратты. Сол өкінішті. Қанша уақыт өтсе де саған деген сағынышым еш азаяр емес. Енді Жаратқан Ием балаларымызға өмір беріп, бақыт сыйласын. Міне, жадыраған жаз да өтті. Көңілімді мұңға орап тағы бір қоңыр күз келіп жетті... Одан кейін ақ қар, көк мұзды қаһарлы қыс келеді... Барлығы кезегімен алмасып келіп жатыр. Өмір-өзен жалғасып жатыр. Бірақ сен ойдан шығар емессің, Жаншуақ. Тіпті кейде түсіме кіретінің де бар. Иманың серік болсын, жарым!» деп аяқтапты қолжазбасын менің әлгі танысым. Күнделік иесінің көңіл күйін, ой-толғанысын, жүрек лүпілін, асыл сезімін, сағынышын ұға отырып, оны көп өзгертпей сіздерге ұсындық. Адам тағдыры, адамның ішкі толғанысы кімді болса да бейжай қалдырмайтыны, тың ойларға жетелейтіні, тіпті жүрекке салмақ салып, алаңдататыны белгілі. Ол, сірә, тірі пенде болғаннан кейін бәріміздің басымызда болатын сезім. Ойлап қарасаңыз, бақыт деген денсаулық тәрізді дүние екен ғой, оның бар кезінде қадірлемейміз, сезбейміз. Әттең, оны тым кеш түсініп, уыстан шығарып алып, артынан өкініп жатамыз. ...Әрбір адам дүниеге келгенде түнгі аспандағы жұлдыздардың саны көбейеді екен. Шынында да, түнгі аспанды бір сәт тамашалап көрсеңіз, адамдар да сол жұлдыздар тәрізді екенін байқайсыз. Біреулер жарыққа шыққаннан гөрі тасада жүргенді қалайды. Оның жұлдызы әлсіз жылтырайды, ал біреулер сабырсыз, өздерінің өміріне жиі өзгеріс енгізеді. Олардың жұлдызы біресе жарқырап, біресе әлсіз жылтырап, құбылып тұрады. Ал енді үнемі жарқырап, түнгі аспанға ерекше шұғыла шашып тұратын жұлдыздар болады, олар ізгі жандардың жұлдызы болса керек. Жұлдызымыз сөнбесін! Әрқашан жоғарылап, жарқырай берсін! Бұл біздің жер басып жүрген әрбір жанға айтар тілегіміз. Тағдыр бізді әрдайым жақсылыққа жолықтырып, бақыт пен қуанышқа кенелтіп, баянды махаббатқа бөлеп, биіктерге жетелесін.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласы