Сауданы Сосланнан үйрену керек
«Теlegram»-ның негізін қалаушы Павел Дуров: «Өзіңе ұнайтын нәрсемен айналыс. Оқы. Үйрен. Дамы. Жандүниеңнен бастап өзгерт. Алтынға бергісіз қағида бар: өзің рахаттанатын шаруаны істе, сонда анағұрлым бақытты боласың», – деген екен. Сол айтпақшы, жанына жақын кәсіппен айналысып, жетістікке де жетіп, мол табысқа да кенеліп отырған кәсіпкердің бірі – Сослан Марзоев.
«Ақбұлақ» ықшамауданында «Тұмар» атты шағын дүкен орналасқан. Шағын болса да сәнді, жинақы. Дүкен сөрелерінде халық күнделікті тұтынатын өнімдер, түрлі тұрмыстық керек-жарақтар самсап тұр.
Дүкен иесі Сослан Марзоев өзге ұлт өкілі болса да қазақшаға судай. Мақалдың майын тамызып сөйлегенде кез келген қазақты сүріндіреді. Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген Сослан Магамедұлының қазақы ортада өсуі, тәрбиеленуі және мектептегі ұстазы Гүлнар Бекбосынқызының арқасында қазақ тілін жетік меңгерген.
Сослан азық-түлік фирмасында сауда өкілі болып істеп жүріп жеке кәсібін ашуды ойластырады. Түркиялық фирмада жүріп қарапайым сауда өкілінен бөлім басшысына дейін көтеріліп, мол тәжірибе жинақтайды. Кейінірек өзгеге емес, өзіне жұмыс істегеннің тиімді екенін ұққан С.Магамедұлы ақыры көздеп жүрген жерінен дүкен ашады.
Қазақ тіліне құрметі ерекше, кішіпейілділігі мен адамгершілігі де бір төбе Сослан Магамедұлының кәсібіне табыс, сәттілік тіледік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА