Жаңалықтар

Білікті хирург Болат Қайназаров туралы не білеміз?

Қайназаровтар әулеті жайлы Әулиеата өңірінің көпшілігі жақсы хабардар. Ағайынды төрт жігіт облыс көлемінде әртүрлі салада беріле еңбек етіп, көпшілікке танымал болған дегдар азаматтар еді. Төртеудің үлкені Уәлихан Рахымұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, соғыс ардагері. Оның майдандағы бейнесі КСРО кезінде көрсетілген көпсериялы «Ұлы Отан соғысы» деректі фильмінде көрсетілгенде біздер, жамбылдық жерлестері ризашылықпен қол соққан болатынбыз. Уәлихан аға көп жыл ауылшаруашылық саласында қажырлы еңбек етіп, біраз уақыт елімізге белгілі оқу орындарының бірі – Қордай өңіріндегі Ырғайты совхоз-техникумын басқарғаны бар. Оның аты Тараз қаласының орталық көшелерінің біріне берілген.

Ағайынды Қайназаровтардың тағы бірі  Әзімхан Рахымұлы бүкіл саналы ғұмырын халықтық денсаулық сақтау ісіне арнаған жан болатын.  Еңбек жолын қатардағы хирург-ординатордан бастап, медицина саласының білгір ұйымдастырушысы, қаладағы бірнеше аурухананың басшысы, Тараз қаласының денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі  қызметін абыроймен атқарған еді. 

Әлі есімде, мен еңбек жолымды облыстық ауруханада хирург болып 1975 жылы жаңадан бастаған болатынмын. 1977 жылы жазғытұрым көптен науқастанып жүрген Ордабек әкем көз жұмды. Оны естіген бас дәрігеріміз Әзімхан Қайназаров ұжымның 6-7 жігітімен бірге Жамбылдан 220 шақырым жердегі Көсегенің Көкжонындағы атамекенім Үшбасқа арнайы келіп, көңіл айтып, менің беделімді көпшілік алдында көтеріп кеткенін қалай ұмытайын? Ондай жандар қазір ортамыздан табыла ма? Әй, қайдам, күмәнім бар... Сол бір қарапайым ғана тірлігі, әр адамды орынды сыйлай білетін қасиеті үшін Әзекеңді мен өмірінің соңына дейін сыйлап, ардақтап, құрметтеп өттім. 

Ол Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін 1985   жылы тәмамдап, еңбек жолын Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургия бөлімшесінде дәрігер-интерн болып бастады. Еңбекке деген құлшыныс-талпынысы, ізденімпаздығы арқасында ұжым қызметкерлеріне тез танылды. Алдына қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ететін ол шамалы уақытта-ақ хирургияның көптеген сырын, оның жаңа тәсілдерін меңгеріп алған болатын. Көп жылдар өтпей-ақ аурухана әкімшілігі оған сенім артып, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі етіп тағайындады. Бұл қызметті де абыроймен орындаған оны бірер жылдан соң хирургия жұмыстары бойынша бас дәрігердің орынбасары қызметіне көтерді. Солай сатылап өсіп, келе-келе облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері қызметіне жоғарылады. «Жас келсе – іске!» дегендей, ол салада да біраз жаңалықтар енгізіп, облыс бойынша қатерлі ісікті дер кезінде анықтау және емдеу ісін жүйелей білді. Одан зор үміт артып, тәжірибелі маман-дәрігерді аймақтағы емдеу орындарының қарашаңырағы – облыстық аурухана ұжымын басқаруға жіберді. Үлкен ұжымды ұтымды басқару кім болса соның қолынан келе бермейді, сырттан бақылаушылар, сынаушылыр аз емес. Бұл жерде де Болат Әзімханұлы барынша заман талабына сай жұмыс барысын реттеп, жаңа диагностикалық және емдік аппараттар мен құралдар енгізіп, көптің жайын тауып, баршаның көңілінен шыға білді. Ауыртпалығы мол аурухананы 13 жыл басқару оған жеңіл болмады. Өйткені ауылдық медицина проблемалары да осы емдеу орнының мойнында еді. Мезгіл-мезгіл кесте бойынша аудандарға дәрігерлер бригадаларын жіберіп, практикалық-консультативтік көмек беруге ықпал етті. Село дәрігерлері жедел медициналық көмек қажет еткенде шұғыл санитарлық авиация көмегіне жүгініп, дер кезінде қол ұшын созып отырды. Барлық іске қайсарлық танытып, талмай ізденіп, білімін жетілдіруді бір сәт ойынан шығармады. Әрине, ол өз нәтижесін берді. Еңбекке әбден ысылып, мол тәжірибе жинап, облыс көлеміндегі денсаулық қорғау саласы бойынша белгілі ұйымдастырушы қатарына енді.

Оның бойынан әркез тектілік, тәрбиелілік, білімпаздық, жан тазалығы және де басқа жоғары адами қасиеттерді сезетінбіз. Ол дәрігер ме, медбике ме, санитарка ма, жай қатардағы жұмысшы ма бәріне  бірдей, тең, құрметпен қарайтын. Алдына өтінішпен келген кісінің сөзін жерге қалдырмайтын жақсы қасиетін көпшілік орынды бағалады. Ол ешқашан біреудің алдына түсіп жалпылдап, жағымпазданып жалған сөйлеген емес. Ақты ақ, қараны қара деп кесіп айтатын мінезі бар еді. Сол тік, адал мінезі үшін басшылардың біріне жақса, біріне жақпады. Ол қолынан келген  көмегін ешкімнен аяған емес. Сондықтан ол ұжымда сыйлы, абыройлы болды. 

Уақыттың талабына сай ротация (қызметкерлерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру) деген желеумен билік иелері  Б. Ә. Қайназаровты Тараз қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне ауыстырды. Көңілге аздап кірбің ұялағанмен  ол  ішкі әлем-жәлем дүниесін жеңе білді.  Жаңа ұжыммен қысқа мерзімде тіл табыса білген ол бұл қызметте де  жақсы жағынан көрінді, көптеген жаңалық енгізді. Жаппай жекешелендіру  кезеңінде ГРЭС-тің профилакториясының басшысы болып қызметке ауысты. Оған қоса қалада алғашқылардың бірі болып «УЗД орталығын» ұйымдастырып, жүйелі жолға қойды. 

Қазақ «Ажал айтып келмейді» дейді. Алланың ісіне не шара? Күтпеген жерден Болатқа бауырдың ауыр дерті жабысып, жүргізілген емшараларға дес бермей,  келместің кемесіне отырғызып, біз біле бермейтін басқа бір жұмбақ әлемге өткен 2023 жылдың күрең күзінде алып кетті. Білімді де білікті замандасымыз 63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Мәңгілік мекенін «Тектұрмас» бейітінен тапты. Өтіп жатқан уақыт-ай! Міне, оған да бір жыл болып қалыпты. Оны еске ала отырып, пейіште нұры шалқысын дейміз. 

Болат Қайназаровтың денсаулық сақтау саласындағы еселі еңбегі орынды бағаланып, ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Гиппократ» орденімен, грамоталар мен Алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталды. Жұбайы дәрігер Дина екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, оларды саналы етіп тәрбилеп,  жоғары білім берді. Бүгіндері олар ата-ана үмітін ақтап әр салада қажырлы еңбек етуде. Ұлы Темірлан шетелдік медицина университетін тәмамдап келді, бүгіндері Алматыда еңбек етуде. Сірә, қазақтың «Орнында бар оңалар» деген сөзі дұрыс болар. Олай болса, әке жаққан от-алау  ешқашан сөнбесін деп тілейік.

  Сағындық ОРДАБЕКОВ, 
дәрігер-хирург, 
медицина ғылымдарының 
докторы, профессор, 
Жамбыл облысының
 Құрметті азаматы