Заң

50 азамат ата-ана құқығынан айырылды

Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде 2024 жылдың 7 айында жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 18,2 пайызға азайған. Алайда салада шешімін күткен өзекті мәселелер де баршылық.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, полиция қызметкерлері өңір аумағында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында көптеген іс-шара өткізіп, қылмыс саны біршама азайған.

Қ.Мәжікенов ұсынған дерек статистикалық тұрғыда көңіл көншіткенімен кейбір мәлімет ойландырмай қоймайды. Мәселен, кәмелет жасына толмаған балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемені орындамаған жүздеген ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.

Сонымен қатар полицияның есебіне алынған жасөспірімдердің саны өткен жылдың межелі мерзімінде 343 болса, 2024 жылы 382-ге жеткен. Ал бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын отбасылардың саны өткен жылы 155-ке жетсе, биыл 160-ты құрап отыр. Сондай-ақ бейімдеу орталығына орналастырылған жасөспірімдердің саны үшеуге артқан. 

Қалай десек те жасөспірімдердің мәселесі қоғамды толғандырмай қоймайтыны анық. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары міндетті болғанымен ата-аналар да жауапкершілік жүгін сезінгені жөн. Олай болмаған жағдайда мәселе ушыға беретін секілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ