«Адалдық сағаты» арлы ұрпақ тәрбиелейді
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті жоғары оқу орындары мен колледж студенттерімен және мектеп оқушыларымен «Адалдық сағаты» аясында кездесулер өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – деп, адалдық қасиетінің маңыздылығын атап өткен болатын.
«Адалдық сағаты» аясында өткен кездесулерге оқу орындарының әкімшілігі, ұстаздары, студенттері қатысты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, оқу ордасының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек қатысып, қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық қағидаттарын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы жайлы мәлімет берілді. «Бизнеске жол» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобаларының іске асырылу барысы, агенттіктің «1424» Call-орталығы туралы ақпараттар айтылды. Сондай-ақ арнайы әзірленген бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Осы бағыттағы іс-шаралар Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында және колледждер мен мектептерде ұйымдастырылып, барлығы 2 мыңға жуық жас қамтылды.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін облыста «Адалдық сағаты» жалпы республикалық акциясы аясында Мұхамед Хайдар Дулати, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанбай Асқаров, Жақсылық Үшкемпіров мұраларына арналған бейне-дәрістер әзірленіп, жастар арасында таратылды. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп пікірсайыстар, ақындар айтысы, интеллектуалды ойындар, тед-икс форматындағы конференциялар, сурет, эссе байқаулары және тағы сол сияқты басқа да ауқымды іс-шаралар өткізілуде.
А. ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ