Жаңалықтар

Қасіретке толы кезең ұмытылмайды

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толып отыр. Қазақ жерін қырық жылдан аса уақыт уға бөктіріп, талайдың ғұмырын қиған, қаншама жанның жүрегіне жазылмас жара салған тажалды еске алу да оңай емес.

Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылды. Сынақ алаңы 18 миллион гектар жерді алып жатты. Аймақта барлығы 456 жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде және ауада өтті. Бұл 1949-1962 жылдары болған жарылыстар еді. Ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде – 1963-1989 жылдары жарылыстар жер астына ауысты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша еліміз үшін айтулы дата әлемдегі Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды. Бұл тарихи құжат қазақ халқының ерік-жігерімен жүзеге асырылған маңызды қадам болды.

Семей полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай облысымызда «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі саяси бөлімінің бастығы Сейтхан Қуантаевтың ұйымдастыруымен ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылуда.

«Чернобыль-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шынарбек Раисбековтың айтуынша, өңірімізде Семей ядролық полигонынан зардап шеккен 200-ге жуық ардагер қалған. Ардагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. 

Сонымен қатар айтулы датаға орай облыстық театрда «Давайте поговорим о Родине!» қойылымы сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Театр сахнасында «АЛЖИР» лагерінің тұтқыны Гертруда Платайстың естеліктері бойынша Раиса Голубеваның «Курт – драгоценный камень» өлеңі оқылып, «В небе беркут – свободная птица», «Туған елім», «Цвети, моя земля!», «Да, это наш Казахстан!» және басқа да әндер шырқалды.

Іс-шараның салтанатты бөлімінен кейін Семей ядролық полигонының жабылуының 33 жылдығына арналған іс-шараға белсенді қатысқан азаматтарды марапаттау салтанаты өтті. Марапатталғандар арасында облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев пен режиссер, театр әртісі Ольга Избасарова бар. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев мен облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркеповке «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі саяси бөлімінің бастығы Сейтхан Қуантаев Құрмет грамоталарын табыстады. 

Айтулы датаға орай өткізілген іс-шаралар легі Жетісай қаласында жалғасын тауып, онда Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытайдан қонақтар қатысып, өз ықыластарын білдірді.Сонымен қатар Жамбыл, Байзақ аудандарында білім ордаларының оқушыларымен кездесулер өткізіліп, жастарға елге қызмет ету, Отанды қорғау қорғау мен даңқын аспандату туралы насихаттар айтылды. 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ