«Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінен не түйдік?
«Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмі – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов туралы түсірілген алғашқы тарихи драмалық телехикая. Көзіқарақты көрерменнің көңілінен шыққан телехикаяның бас режиссері – Мұрат Есжан.
Тарихи туындының сценарийін Мұрат Есжан мен ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалым жазған. Сериалдың негізгі идеясы – ұлт ұстазының бейнесін, ұлағатты ойын кейінгі ұрпаққа таныту.
Жалпы тарихи тұлғалар туралы фильм түсіру оңай емес. Көрермен де тарихи жобаларға сыни көзбен қарайтыны анық. Айта кетерлігі, сериалда тек Ахметтің ғана тұлғасы көрсетілмеген. Тарих беттерінде есімдері алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыз да қамтылған. Сол кезеңдегі азаматтардың арасындағы саяси көзқарастардың әралуандығы, талас-тартыстар да фильмге арқау болған. Телехикаяда ерекше есте қалған тұлғаның бірі – Міржақып Дулатов. Ахметтің сенімді серігі ретінде тұлғалық образы жақсы ашылған. Көркемдік тұрғыдан қарағанда, телехикаяда Міржақып пен Ахметтің бейнелерінде мінезі жағынан үйлесім бар. Ахаңның сабырлылығы мен байсалдылығы, Міржақыптың тік, өршіл мінезі бір-бірін жақсы толықтырған.
Жақында «Ахмет.Ұлт ұстазы» фильмінің шығармашылық тобы Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия ұжымымен кездесті. Жиынға арнайы шақыртумен келген фильмнің режиссері Мұрат Есжан мен белгілі актер Байғали Есаналиев қатысты.
Телехикаяның режиссері кездесуде түсірілім кезіндегі қызықтар және қиындықтармен бөлісті.
Қатысушылар кеш соңында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Аяжан ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ