Жаңалықтар

Астанаға ауылшаруашылығы керуені жол тартты

Берекелі күз келгелі облыста апта сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына табиғи өнімдер қолжетімді бағада ұсынылуда. Кеше жамбылдық өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтардың өнімдері елордамыз Астана қаласына жөнелтілді.

Ауылшаруашылығы өнімдері Тараз қаласындағы орталық базардан бірнеше «КамАЗ» көлігіне тиелді. Тараздық «Мирас» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ермек Ділдабеков жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне аудандардағы шаруа қожалықтар да белсенді үлес қосып жатқанын жеткізді.

Ал, Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан таластық шаруа қожалықтардан 4,5 тонна ет өнімдері, 5 тонна қарбыз, 5 тонна алма, 500 келі асқабақ, 100 келі құрт пен қауынқақ жөнелтіліп жатқанын айтты. 

Облыстық санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаментінің тағамдану объектілерін қадағалау бөлімінің басшысы Жандос Иманбеков сатушылардың қолына киетін қолғаптары мен киімдерінің, тамақ өнімдерінің талапқа сай болуын қадағалап тұрды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА