Жаңалықтар

Білім беру саласындағы басты бағыт – цифрландыру

Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында білім саласындағы бухгалтерлік құжаттарды цифрландыру бойынша кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, орта білім беру ұйымдары басшылары мен есепшілері, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарының басшылық құрамы онлайн форматта қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Салемов алдағы оқу жылында білім беру мекемелерінде бухгалтерлік құжаттарды цифрландыру бойынша өзгерістердің орын алатынын атап өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров өз сөзінде білім бөлімдеріне қарасты мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерде тіркелген әрбір тәлімгерден күнделікті оқу күндерінде биометриялық растаудан өту талап етілетінін хабарлады.Бұл балабақшалар мен мектептердегі балалардың нақты санын шығарып, құжат бойынша көрсетілген азаматтармен сәйкестендіріп, есепте жоқ адамдарды әшкерелеу үшін қажет екенін айтты. 

– Өткен жылдың мамыр-маусым айларында департамент облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Айта кету керек, өңірімізде аталған салада сыбайлас жемқорлық бойынша 2018-2024 жылдар аралығында 35 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.Талдаумен Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары қамтылып, 196 миллион теңгенің 132 бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде 55 миллион теңге қаражат мемлекетке қайтарылды, бір орында ұзақ отырған білім ұйымының 22 басшысы ауыстырылды. Штаттан заңсыз қабылданған 37 артық қызметкер жұмыстан босатылып, 5 есепші жауапкершілікке тартылды, – деген баяндамашы ары қарай бұзушылық тәуекелдерінің себептеріне тоқталды. 

– Бұзушылықтарға жеке тоқталатын болсақ, Жуалы ауданындағы білім ұйымдары 27 қызметкердің жұмыс өтілін дұрыс есептемей, 4,4 миллион теңгеге жалақыны негізсіз төлеген. «А» функционалдық блогы бойынша 6 менеджердің тарифтеу тізімдері заңсыз бекітілген. Осылайша аталған қызметкерлерге жалпы сомасы 9,3 миллион теңге негізсіз төлемдер төленді. Заңнамамен көзделмеген 37 штат артық бірлік бекітіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 33 миллион теңге ақшалай қаражат төлеуге әкелді.

Одан бөлек Жуалы ауданының білім бөлімінің 36 есепшісі белгіленген нормадан жоғары жалақыны есептей отырып, өздерінің банктік шоттарына жалпы сомасы 38 миллион теңге аударған. Сол сияқты Байзақ ауданында 11,9 миллион теңге, Жамбыл ауданында 1,4 миллион теңге белгіленген нормадан жоғары жалақы аударылған.

Негізгі жұмысынан бөлек, өзге мекемелерде тіркелу жағдайлары да орын алды. Мысалы, Қ.Бақытұлы Жамбыл ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі лауазымын атқару барысында және 2022 жылдан білім бөлімі басшысының міндеттерін атқару кезінде өзінің негізгі міндеттерінен басқа бағынысты 4 мектепте «Информатика», «Медиа сауаттылық», «Журналистика», «Шешендік өнер», «Жаһандық құзыреттілік» пәндері бойынша педагогикалық қызметпен (мұғалім ретінде) айналысқан.

Баяндалған жемқорлық тәуекелдерді жою мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірыңғай цифрлық есеп бағдарламасына бірқатар жаңашылдық енгізілген. Мәселен, енді төлем құжатына қызметкерлердің жалған жеке деректерін енгізуге жол берілмейді, атап айтқанда, аты-жөні мен ЖСН сәйкес келмеген жағдайда бұғатталады. Сонымен қатар жалақыны бір ай ішінде қайталап негізсіз төлеуге жол берілмейді, лауазымдық жалақының 50 пайыздан асатын аванстық төлемдерге бұғаттау қойылады.

Сондай-ақ айына бір рет қазынашылықтан алынған төлем құжаттары мен «5-15 еңбекақы аударымдар» арасындағы сәйкессіздіктер сомасы қаралатын болады.Кеңес барысында талқыға түскен мәселелер қатарында білім мекемелеріндегі айлық төлеу мен өзге де қаржылық операциялардың алдағы уақытта «Азия Сервис» ЖШС-ның бағдарламасы арқылы іске асырылу жүйесі болады. Аталған мекеменің Тараз қаласы бойынша филиалының директоры С.Тасқалиев өз сөзінде білім беру мекемелерінің қаржылық аударымдары бағдарламаға енгізіліп, мәліметтер ортақ серверде сақталатынын айтты.

Іс-шара барысында мекеме басшылары мен есепшілері жаңа бағдарламаға қатысты сауалдарын қойып, мардымды жауап алды. Ұсынылған жаңашылдықтар жұмыс процесіне толық енгенге дейін мамандарға ақпараттық көмек берілетін болады.

А. ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ