Жаңалықтар

Бір шешімге келген жөн

Атом электр стансасын (АЭС) салу мәселесі қазіргі таңда қоғамда қызу талқылануда. Жалпы АЭС құрылысына қатысты халықтың көзқарасының, ой-пікірінің сан алуан болуы түсінікті жағдай. Себебі АЭС салу – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. АЭС мәселесіне қатысты қарама-қайшы пікірлердің пайда болуы да орынды. Бір жағынан, атом электр стансасының энергия өндіруде тиімділігі жоғары екені белгілі, ал екінші жағынан, қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға әсері көптеген сұрақ туғызады.

АЭС салу мәселесінде асығыс шешім қабылдауға болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өрескел қателіктер үлкен апаттарға алып келуі мүмкін. Чернобыль мен Фукусима апаттары осы сөзіміздің айқын дәлелі. Сондықтан, ең алдымен, барлық қауіпсіздік талаптарын ескеріп, қоғамдық пікірді жан-жақты талқылау арқылы шешім қабылдау өте маңызды. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу мәселесін референдум арқылы шешуді ұсынды. 

Бүгінгі таңда облысымызда да референдумға орай жария талқылаулар ұйымдастырылуда. Жария талқылауларда барлық азамат өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да кез келген сұрақтарына жауап таба алады.

Қазір әлемнің алпауыт мемлекеттері атом энергиясын пайдаланады. Атап айтсақ, АҚШ-та – 94, Францияда – 56, Қытайда – 50, Ресейде – 38, Жапонияда – 34, Оңтүстік Кореяда 24 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Ендеше индустрия мен экономиканы көтеру үшін әр мемлекетке АЭС керек екені даусыз.

Осы тұрғыда ҚР Энергетика министрлігі әлемдегі озық технологияларды қарастырып жатқанынан хабардармыз. АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей сияқты елдердің технологиялары жан-жақты зерттелуде. Егер бұл іс қолға алынса, бірнеше мемлекеттен түрлі технологиялар тартылатын халықаралық жоба болмақ. 

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
облыстың Құрметті азаматы