Көмір қоры жеткілікті
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Еркін Алтышевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Спикердің айтуынша, жылыту маусымына орай бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары мен облыс тұрғындарына жоспарланған көмір көлемі 206,1 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге 83,3 мың тоннасы жеткізілген.
Облыста жалпы 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысады. Бүгінгі таңда көмір тұйықтарында 8,5 мың тоннаға жуық көмір бар. «Шұбаркөл», «Қаражыра» маркалы көмірлердің бағасы сортына қарай 17-22,5 мың теңге аралығында сатылуда. Елді мекендерге жеткізу құны шамамен – 21-26 мың.
Айта кетейік, қыс айларында көмір бағасына әсер ететін ең маңызды фактор – соңғы тұтынушы мен көмір сатушы нарық субъектісінің арасында делдалдардың болуы. Әсіресе көмірді тұйықтан сатып алатын және оны тұтынушыға айтарлықтай үстеме бағамен қайта сататын ұсақ көтерме көмір сатушылардың болуы көмірдің қымбаттауына алып келеді. Осыған орай қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен жылыту маусымы кезінде көмірге тапшылықты болдырмау мақсатында қатты отынды ертерек сатып алу үшін халық арасында түсіндірме жұмыстары қолға алыныпты.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып облыс аумағында көмірдің қажеттілігі мен жеткізілуіне тұрақты мониторинг жүргізуде.
Айжан ӨЗБЕКОВА