Мәдениет

Франциядан табылған құнды қолжазбаның көшірмесі жарыққа шықты

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы «Архив 2025» бағдарламасы аясында Франциядан табылған Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаның көшірмесін жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінші, Франция Ұлттық кітапханасында сақталған «Таңдамалы шежірелер» тарихи шығармасы хижраның 816 жылы / яғни 1413 жылы Ширазда жазылған. Яғни, бұл шығарма XV ғасырға тән. Парсы тілінде араб жазуымен жазылған кітап 15 тақырып бойынша 15 тараудан тұрады. Кітап 413 бетті құрайды. Атап айтқанда, кітапта Ақ Ордаға толық сипаттама беріліп, Ақ Орда хандарының билігінің толық хронологиясы қамтылған. Сондай-ақ, Ақ Орда билеушілерінің аты-жөні, әкелері мен шешелерінің аты-жөні және жерленген жерлері туралы құнды кесте берілген.

Кітапта Алтын Орданың Көк және Ақ Ордаларға ыдырау кезеңі сипатталған. Сонымен қатар, Сығанақта Ақ Орданың 10 билеушісі жерленгені туралы да айтылады.

Муин ад Дин Натанзи XIV ғасырдың екінші жартысында Исфахан маңындағы Натанз ауылында (Иранда) дүниеге келген. Давлатшах Самарқандидің «Тазкират аш-шуаро» («Ақындардың өмірбаяны») шығармасына сәйкес, XV ғасырдың басында Муин ад Дин Натанзи Ширазда Мырза Искандер (Әмір Темірдің немересі) сарайында тұрды және Хайдар Хорезми, Хафиз Хорезми және т. б. сияқты ақындардың замандасы болған.