Жылыту маусымына дайындық барысы қаралды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында елді мекендер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтардың алдағы жылыту маусымы мен қысқа дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов хабарлама жасады.
Облыста 9 негізгі жылу энергетика кешені, 593 автономды қазандық бар. Олардың көмегімен 1 737 әлеуметтік нысан және 1 649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылы жылыту маусымына дайындық іс-шараларына 26,8 млрд.теңге бөлінді.
Өңірде 350,7 шақырым жылу желісі бар.
Биыл Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларындағы 16,2 шақырым жылу желісіне қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқару көзделген.
Бүгінде тек Тараз қаласы М-1 жылу магистралінде жұмыстар жалғасуда.
Алдағы жылыту маусымына 206,1 мың тонна көмірдің қажеттілігібар деп есептелген. Бүгінде қатты отынды тасымалдау жұмыстары кестеге сәйкес жүруде.
Облыстағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 649 көпқабатты тұрғын үйдің 94 пайызы жылыту маусымына дайын.
Басқосуда жауаптылар алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша есеп берді.
Ербол Қарашөкеев төтенше жағдайлар департаментінің басшысына Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің қыс мезгіліне дайындығын қазан айында жіті тексеруді талап етті.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың алдына нақты міндеттер қойылып, сапалы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.