ХАЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
ХАЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырған мобильдік топтың құрамына әлеуметтік салада жұмыс істейтін құрылымдардың облыстық филиалдарының өкілдері, яғни еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы, «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалы кірді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атқарылып жатқан жұмыстар мен мобильді топтың жоспары жайлы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел баяндады. Спикердің айтуынша, ведомство бірнеше міндетті атқаруды көздеп отыр. Атап айтқанда, отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру. Жұмысқа орналастырудың жаңа саясаты бойынша министрлікте мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігін белгілеуге әкелетін тұжырымдамалық тәсілдер әзірленген. – Елімізде отбасыларды қолдауға көп көңіл бөлініп келеді. Себебі мемлекеттің негізі байлығы – отбасы. Мысалы, отбасының цифрлық картасы проактивті форматта, яғни өтінішсіз көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ол әртүрлі мемлекеттік органдардың отбасы туралы барлық мәліметтерді қамтитын болады, бұл нақты отбасының қандай көмекке мұқтаж екенін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Н.Кемел. Жұмыспен қамтудың жаңа саясаты туралы айта келе, баяндамашы еңбекке қабілетті азаматтарды даярлау үшін ұлттық біліктілік жүйесін әзірлеу, тәуелсіз қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, ішкі еңбек көші-қонын жолға қоюды жоспарлап отырғанын атап өтті. – Жыл сайын Қазақстанның 300 мыңға жуық азаматы еңбекке қабілетті жасқа жетеді. Егер биыл халықтың 60 пайызы жұмыспен қамтылса, 2030 жылы жаңа жұмыспен қамту саясатын дамытудың барлық тетіктерін қолдана отырып, бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді, – деді Нұрсұлу Кемел. Спикер сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакетінің даярланғандығын да атап өтті. Ең бірінші, жоспарланған әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде бес жылға ұстап тұру. – Тағы бір шара ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ең жоғары 100 пайыздан 120 пайызға дейін жеткізуді көздейді. Сондай-ақ келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемін жаңадан кіретін зейнеткерлер үшін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ жұмыс берушілер есебінен қосымша зейнетақы жарналарын кезең-кезеңмен енгізу көзделген, – деді Нұрсұлу Мырзагелдіқызы. Осылайша қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамтамасыз ету үшін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің өзі бірлесіп жауапты болатынын атап өтті. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы жүйесі жұмысының осындай үлгісіне ұмтылу керек. Айта кетейік, Нұрсұлу Кемел бастаған мобильдік топ «Қазфосфат» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС қызметкерлерімен, Тараздың 11-ші округінің тұрғындарымен, сондай-ақ Талас және Сарысу аудандарының тұрғындарымен осындай түсіндіру кездесулерін өткізді.
Айжан ӨЗБЕКОВА