Жаңалықтар

Құтқарушылар тәжірибе алмасты

Алматы облысындағы Тамғалы тас шатқалында «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында өткен «Қазқұтқару – 2024» республикалық семинары аяқталды. Жиынға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жедел-құтқару бөлімшелерінің құтқару бөлімшелерінің 17 командасы, сонымен қатар республикалық жедел-құтқару жасағы, ТЖМ әскери бөлімінен 1 команда қатысты.

«Қазқұтқару – 2024» семинарын өткізудегі негізгі мақсат – авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, авариялық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, өзара іс-қимылды пысықтау және тәжірибе алмасу.

10 күн бойы жедел-құтқару жасағының құтқарушылар командасы құтқару көпсайысы бойынша жарыстардың күрделі кезеңдерінде бақ сынады. Сонымен қатар қатысушы командалар арасында құтқару технологиялары бойынша семинар және авариялық-құтқару жабдықтары мен жарақтарының жаңа үлгілерінің көрмесі өткізілді.

«Ойлы-қырлы жерлермен жүгіру» бойынша I орынды Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағы иеленді.

Ал «Күштік жаттығулар кешені» дистанциясында Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің командасы I орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ «Техногендік апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» және «Табиғи ортадағы іздестіру-құтқару жұмыстары» дистанцияларында жүлделі 
I орын Төтенше жағдайлар министрлігі ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне бұйырды.

Жетісу облыстық төтенше жағдайдар департаменті жедел-құтқару жасағының командасы «Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары» дистанциясының жеңімпазы атанды.

Сол секілді кинологиялық есептоптар арасындағы жарыста Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағына тең келетін қарсылас табылмады. 

Барлық дистанциялардан өту нәтижелері бойынша Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының командасы «Қазқұтқару – 2024» семинарының жеңімпазы деп танылды.II орынды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі 28237 әскери бөлімінің командасы, III орынды Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА