Байзақ ауданынында көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілті табысталды
Бүгін Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында бірқатар отбасыға 240 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды arainfo.kz
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев үйлі болған қоныс той иелерін құттықтап, салтанатты түрде пәтер кілттерін табыстады.
Салтанатты шарада облыс әкімі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу екенін айтып, бұл мақсатта облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ескере кететін жайт, құрылысы күні кеше аяқталған 5 қабатты, жалпы саны 240 пәтер мемлекет көмегіне мұқтаж бес түрлі санатқа жататын азаматтарға берілді. Атап айтқанда, олардың ішінде көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жалғызілікті аналар, сондай-ақ, денсаулығына ерекше күтімді қажет ететін жандар бар.
Аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы айтуынша, Байзақ ауданында аталмыш пайдалануға берілген 4 үйден бөлек, қосымша жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 120 пәтер сатып алынбақ.
2023 жылы 19 тұрғын үй (1 100 пәтерлі) пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 51 көпқабатты тұрғын үйді (2 569 пәтерлі) тапсыру жоспарланған.
Ал тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін өткен жылы 864 пәтер сатып алынса, ағымдағы жылы 23,2 млрд.т теңгеге 1 575 пәтер сатып алу көзделуде.