Ұлттық ұландағы арулар
Қазір әйелдерді қоғамның кез келген саласынан кезіктіру таңғаларлық жайт емес. Әлемде әйелдер игере алмайтын мамандық жоққа тән. Нәзікжандылар небір қиын, жанкешті кәсіпте жүр. Солардың бірі – әскери сала. Жауынгерлік сапта жүрген қайсар мінезді бұрымдылардың бірқатары Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде еңбек етуде. Олардың бірі қаржы бөлімшесінде, енді бірі кітапхана бастығы, психолог сияқты жауапты міндеттерді атқарады.
Бұл әскери бөлім түзеу колонияларын күзету, патрульді-постылық қызметті атқару сияқты жауынгерлік қызметтерге жауапты. Ұлттық ұландағы ақ халатты абзал жандар, аға сержант Гүлім Әбдіғалиева мен кіші сержант Қамар Әбдікерімова – 5513 әскери бөлімінде медицина қызметінің майталман әскери қызметшілері. Екеуі де әскери бөлім басшылығының оң көзқарасына ие болған нәзік жандар, қарашаңырақ мақтаныштары. Осы тұста біз 5513 әскери бөлімінің жеке құрамының денсаулықтарының қорғаушысы, шипагері болып жүрген, саналы ғұмырын әскери медицина саласына арнаған аруларды мақаламызға арқау еткенді жөн көрдік.
Аға сержант Гүлім Әбдіғалиева – Шу қаласының тумасы, отбасының тұңғышы, өзінен кейінгі төрт қыз бен жалғыз бауырына қамқорлық танытып, бір-біріне жанашыр болып өскен. Ата-анасы балаларының бойына бауырмалдық, мейірімділік пен кішіпейілдік қасиеттерін сіңіріп өскен. Гүлім Әбдіғалиева 1987 жылы туған жеріндегі №72 А. Макаренко атындағы мектепте орыс сыныбында оқып, үш жылдан соң №34 Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде оқуын жалғастырып, орта мектепті 1997 жылы аяқтады. Бала күнінен ақ халат киюді армандаған кейіпкеріміз 1998 жылы Шу қаласындағы «Саяна» атындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, 2000 жылы «Жалпы аурухана медбикесі» мамандығы бойынша аталмыш оқу орнын тәмамдайды. 2002-2003 жылдар аралығында Астана қаласындағы теміржол ауруханасының жүрек аурулары (кардиология) бөлімінде медбике болып жұмыс істеген.
5513 әскери бөлімінде ер-азаматтармен иық тіресіп қызмет етіп, отбасының да қамын ойлап жүретін Гүлім спортқа да көп көңіл бөледі екен. Ол 2011 жылы әскери үшсайыстан жарысқа қатысып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы атынан жауынгер-спортшы атағына ие болған. Қолы бос уақытында гитара, домбыра секілді музыкалық аспаптармен ән шырқап, өнерден де кенде қалмауға тырысады. Гүлім құқықтық тәртіп әскері қатарында бірнеше жыл қызмет етіп жүргендіктен әскерилерді өз денсаулықтарына баса көңіл бөлуге шақыруда.Кейіпкеріміз туралы 5513 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы, майор Қазбек Мәлтай да жақсы мінездеме берді.
Кейіпкеріміз жолдасы Нұрболатпен бірге Ақжүрек және Алдияр атты екі ер баланы тәрбиелеп отыр.Келесі кейіпкеріміз – кіші сержант Қамар Әбдікерімова Талас ауданының Қаратау совхозында (қазіргі Есейхан ауылы) дүниеге келген. Арманшыл қыз 1987 жылы Қаратау орта мектебінің табалдырығын аттап, 1998 жылы аяқтайды. Сол жылы үш айлық компьютерлік курсын оқып шығып, көп ұзамай Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түседі. Медициналық маман иесі атанып, қолына дипломын алғаннан кейін алғашқы еңбек жолын 2002 жылы Тараз облыстық перинаталдық орталықта қызмет атқарудан бастайды. Аталмыш қаладағы №8 «Мейірім» қалалық емханасында жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдайды.
2008 жылдың ақпан айында Ұлттық ұланның 5513 әскери бөліміне медициналық пункт медбикесі болып қызметке кіріседі. Әскери қызметте ол 5513 әскери бөлімі медициналық пунктінің аға санитар нұсқаушысы, нұсқаушы-дезинфектор болып қызмет атқарған. Қазіргі уақытта, яғни 2017 жылдан бері 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны медициналық пунктінде аға маман (аға санитар нұсқаушы) болып қызмет атқаруда.
Қамар Бексұлтанқызы жолдасы Қайратпен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр. Үйдің тұңғышы Назгүл 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия» факультетінің 3-курсын аяқтады. Ал ұлы Мұхиддин 2005 жылы 21 қыркүйекте Тараз қаласында туған. Ол ата-анасының жолын қуып, әскери өмірге бет бұрды. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының 1-курсын тәмамдап жатыр. Ал Нуридин мен Ахмеддин атты балалары мектеп жасында.
– Менің Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп келе жатқаныма он алты жылдан асты. Жолдасым да осы әскери қызметтен зейнетке шықты, екеуміз де әскери адам болғандықтан бір-бірімізді түсініп тұрамыз. Мені әрдайым қолдап жүретін де – жолдасым, сол үшін оған алғысымды жаудырамын. Себебі әскерде әйел адамға қызмет ету оңай емес. Таңның атысынан кештің батысына дейін қызметте, одан қалды саптық, кешкі тексерістер. Бірақ «әйел – қырық шырақты» ғой, барлығына үлгеруге тырысамыз. Отбасыма көп уақыт арнап, ұлдарымның тәрбиесіне көңіл бөлемін. Қызметте де алдыңғы қатарда болып, маған сеніп тапсырған тапсырмаларды жауапкершілікпен атқарғанды ұнатамын. Екінші ұлым да әскери оқу орнында білім алып жатыр, ол өзінің арманы болды. Осы балаларымыз саналы ұрпақ болып қалыптасса екен деген тілегіміз бар.
5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Нұрсұлтан Рахымбай Қамар Әбдікерімованың кәсібилігін жоғары бағалайды.
Әскери сала қызметкерлері кез келген уақытта және қандай жағдай болса да барлығына дайын болуы тиіс. Жауынгерлердің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қажет болған кезде қолына қару алған, батылдық пен ерлікті, қайраттылық пен адалдықты жұмыс бабында көрсете білген аға сержант Гүлім Әбдіғалиева мен кіші сержант Қамар Әбдікерімованың қызмет жолы көпшілікке үлгі болары сөзсіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ