Таласта толайым табыс көп
Талас ауданының табиғи-климаттық жағдайы малшаруашылығына өте қолайлы. Өйткені ауданның қысы шаруға жайлы, төрт түлік үшін даланың шөбі құнарлы, жайлымдық жері ауқымды. Аталған ауданның экономикасының өркендеуіне өндіріс саласы да қарқынды үлес қосып келеді. Әсіресе мұндағы кәсіпорындар өнеркәсіп саласын алға жылжытып, халықтың тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң септігін тигізуде. Өндірістің өркендеуі аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға, жұмыс орындарының көбеюіне, халықтың әл- ауқатының артуына ықпал етіп отыр.
Жылдың жеті айында 19 миллиард 594,5 миллион теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1 пайызға орындалыпты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп саласы бойынша 22 миллиард 572 миллион 500 мың теңгенің өнімі өндірілген. Өнім көлемінің биыл ақшалай түрде төмен орындалуының себебі «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2023 жылы газ алушылармен келісімшартқа отырғанда табиғи газдың бағасы жоғары болған көрінеді. Ал 2024 жылы келісімшартқа отырғанда бағасы біршама төмендепті. Жыл басынан бері кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібі саласында 5,5 миллиард теңгенің, өңдеу өнеркәсібінде 12,4 миллиард теңгенің, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау ісі бойынша 1,5 миллиард теңгенің, сумен жабдықтау, кәріз жүйесінде 0,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12 миллиард 996 миллион 800 мың теңгені құрап, нақты көлем индексі 127,8 пайызға орындалған. Тарқата айтқанда, негізгі капиталға бюджет қаражатынан 2 миллиард 631,3 миллион теңге, жеке қаражат бойынша 10 миллиард 196,7 миллион теңге, басқа қарыз қаражаты есебінен 168,8 миллион теңге инвестиция салыныпты. Жеке кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 2 миллиард 707,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,8 пайызды көрсеткен.
Ауданда құрылыс саласының, яғни ауызсу жүйесі, спорт кешендері, жылыту қазандығы, жолдарды орташа жөндеу секілді жұмыстардың көлемі 5 миллиард 524 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 109,8 пайызға жеткен. Бұл қаржыға ауданда 7 елді мекеннің және «Флора» саяжайының ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, Бостандық пен Ойық ауылдарында спорт кешендері салынған. Қаратау қаласындағы орталық жылыту қазандығы қайта жаңғыртылып, ауданда 41 көше, оның ішінде Есейхан, Тұрымқұл, Майтөбе ауылдарының кіреберіс жолы орта жөндеуден өткен. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және 13 қалаішілік көшелерге орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Үшарал, С.Шәкіров елді мекендерінде 11 ауылішілік жолдар, Майтөбе, Тамды, Көктал, Бөлтірік шешен елді мекендерінде 11 көше орта жөндеуден өткен.
Аймақтағы әлеуметтік мәселелердің бірі –тұрғындарды тұрғын үймен қамту. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 13 416 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 102,8 пайызға орындалған. Бұл жұмыстар Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендердегі жеке сектордағы құрылыс есебінен атқарылыпты.
Аудан экономикасын ілгерілетуде белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін экономикалық, өндірістік немесе әлеуметтік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың тигізер пайдасы мол. Мысалы, қандай да бір инвестициялық жоба жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпорындардың табысын арттыруға, жалпы экономиканың өсуіне ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай жобалар негізінде мемлекетке жылдар бойы қомақты табыс әкелетінін де айта кетуіміз керек. Сонымен қатар жоба ырғақты жұмыс істесе, инвесторларға да қаржылық табыс әкеледі. Жаңа технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылатын жобалар өндірістің тиімділігін арттыруға және инновацияларды дамытуға мол мүмкіндік береді.
Талас ауданында да инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, 2023-2027 жылдарға 49,6 миллиард теңгеге 7 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Жобалар іске асқан жағдайда 612 адам жұмыспен қамтылмақ.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданда 3 948 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның ішінде 208-і шағын кәсіпорын, 1 999-ы жеке кәсіпкер, 1 741-і шаруа қожалық. Осы тіркелген субъектілердің 3 593-і немесе 91 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға немесе 137 бірлікке кеміпті. Себебі жаңадан тіркелген кәсіпкерлер өз жұмысын дөңгелетіп әкетуге қабілетсіз болған және мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жете алмағандықтан қызметін уақытша немесе мүлдем тоқтатқан екен.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету үшін құны 785,0 миллион теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылыпты. Бағдарламаның несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау шараларына қатысуға ниет білдіргендердің 10 жобасы 372,8 миллион теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде біреуі қоғамдық монша ашу болса, бесеуі малшаруашылығына, бірі наубайханаға, тағы біреуі жүк тасымалына, екеуі сауда орындарын кеңейтуге қатысты жобалар көрінеді.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша Бостандық ауылынан «Шәріпбай» шаруа қожалығы 10,17 миллион теңге, С.Шәкіров ауылынан «Бөрі» шаруа қожалығы 4 миллион теңге қаражат алыпты. Одан бөлек «Дулат» шаруа қожалығына электр желісімен жабдықтауға 32,8 миллион теңге, «Зерхат» шаруа қожалығына көкөніс қоймасының сыртқы инфрақұрылымын жүргізуге 47,8 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
Осы жылдың қаңтар-шілде айларында мүйізді ірі қара 32 254-ке жетіп, 2023 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7 179-ға немесе 28,6 пайызға өсіпті. Ауданда 410 036 қой-ешкі бар болса, өткен жылға қарағанда уақ мал саны 67 244-ке артқан. Былтыр 13 193 жылқы болса, есепті мерзіммен салыстырғанда биыл қылқұйрықтылар саны 3 271 басқа көбейген. Ал былтыр 2 251 түйе есепке алынса, биыл олардың саны 22 басқа өскен.Ауданда мал мен құс етінің өнімі (тірідей салмақта) – 7024,9 тоннаны, сүт – 3552,8 тоннаны, жұмыртқа 2147,1 мың дананы құрапты. Ауылшаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 168 миллион 859 мың теңгені көрсеткен.
Аудан бойынша аталған салада жалпы 915,3 тонна (2023 жылы 489,7 тонна) тыңайтқыш, оның ішінде, 396,7 тонна азот, 91,3 тонна фосфор, 427,3 тонна басқа тыңайтқыш түрлерін алу жоспарланыпты. Бүгінгі күнге 734,55 тонна тыңайтқыш алынған. Жоспарды жыл қорытындысымен орындауға күш салынуда.
2024 жылдың өнімі үшін барлығы 11 648 гектар (2023 жылы 14 206 гектар) алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылыпты. Оның ішінде күздік бидай 4 500 гектар болса, бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4 185 гектарды құрайды. 4 500 гектарға күздік бидай егілсе, 810 тонна тұқым себілген.
Жалпы 2 963 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілген. Оның 1 050 гектары жаздық арпа, 195 гектары дәндік жүгері, 350 гектары мақсары, 135 гектары қант қызылшасы,
80 гектары картоп, 155 гектары бақша, 158 гектары көкөніс және 840 гектары көпжылдық шөп.
Осы жылғы көктемгі егіс-дала жұмыстарына ақпан-сәуір айларына аудан бойынша таратушы оператор «ИП Сарыпбекова» болып бекітіліп, шаруашылықтарға 250 теңгеден 180,6 тонна дизель отыны үлестіріліп, жоспар 100 пайызға орындалыпты. Күзгі дала жұмыстарына 193 тонна дизель отыны бөлініп, бүгінгі күнге 23 тоннасы таратылған.
Көктемде Ақкөл ауылында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен ауылшаруашылық техникасын сатып алу бағдарламаларын түсіндіру бойынша қаржы институттарының қатысуымен шаруалар арасында кездесу өткізіліпті. Оған Ақкөл, Ойық, Кеңес, Тамды, Қызыләуіт ауылдық округтерінен бірқатар шаруашылық төрағалары қатысқан.
Аудан бойынша барлығы 828 ауылшаруашылық техникасы тіркеліпті. Оның ішінде 10-ы астық комбайны, 329-ы трактор, 489-ы басқа техникалар. 2024 жылға ауылшаруашылық техникаларын жаңалау жоспары 82 бірлікті құраған (10 пайыз). Бүгінгі күнге 54 ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, жоспар 6,6 пайызға орындалған екен.
Таласта 3 жылыжай іске қосылып, сол арқылы да көкөніс өнімдері өндіріліп отыр. Атап айтқанда, Кеңес және Қызыләуіт ауылдық округтеріндегі көлемі 0,03 гектар болатын екі жылыжайда, Қаратау қаласындағы 0,20 гектар жылыжайда кияр, қызанақ және басқа да көкөніс өнімдері өсірілуде. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен 25 тонна өнім алынып, ол Тараз қаласы мен аудан орталығы – Қаратау қаласында және ауылдық округтерде саудаланыпты.Биыл 285 гектардан аса егіс көлемі тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен суғарылған екен. Оның ішінде Бостандық ауылдық округінде 5 шаруа қожалық 285 гектар жерді тамшылатып және жаңбырлатып суғарған.
Бүгінгі күні ауданда 2019 жылдан бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы жүйелі іске асырылып келеді. Жоба бойынша ауыл тұрғындарына мүлік кепілдігімен пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын несие 5-7 жыл мерзімге берілуде. Жоба 2023-2024 жылдар аралығында Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерін қамтып, іске асырылып жатыр. Есепті мерзімде Ақкөл ауылдық округінде 91 тұрғын 524,2 миллион теңге, Берікқара ауылдық округінде 113 азамат 610,7 миллион теңге, Бостандық ауылдық округінде 132 адам 767,8 миллион теңге, С.Шәкіров ауылдық округінде 70 тұрғын 378,5 миллион теңге, Аққұм ауылдық округінде 104 азамат 607,6 миллион теңге көлемінде несие қаражатын алыпты. Алынған несиеге барлығы 1 040 мүйізді ірі қара, 17 650 уақ мал, 1 799 жылқы және 30 түйе сатып алынған. Барлығы 510 жобаға 2 миллиард 888,8 миллион теңге көлемінде несие берілген. Сонымен қатар қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағыты бойынша осы жылы қаржыландыруға жататын (Қаратау қаласы және ауылдық округтер) 794,4 миллион теңге көлемінде 124 жоба жинақталып, ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылыпты. Оның ішінде ауылшаруашылығы бағытында 604,5 миллион теңгенің 96 жобасы бар.
Аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Әбу-Талип Төсбайдың айтуынша,ҚР Жер кодексінің 50 бабы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін көлемі 0,1000 гектарды құрайтын жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бүгінгі таңда Талас ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 1 081 адам жер кезегіне тіркелсе, оның ішінде 792 тұрғын Қаратау қаласы бойынша сұраныс білдіруде.
Қаратау қаласының 3-ықшамауданындағы №5 және №6 жатақхана ғимараттарын қайта жаңғырту және олардың инженерлік-инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 140,9 миллион теңге бөлінген болатын. Қазір тиісті жұмыстар аяқталып, 100 пәтердің қабылдау актісі дайындалып жатыр екен. Сонымен қатар Қаратау қаласындағы бос тұрған екі көпқабатты тұрғын үйді (Б.Момышұлы көшесі №15 және 3-ықшамауданы, №64) және құрылысы жүргізіліп жатқан бір тұрғын үйді (Панфилов көшесі, №8) дайын күйінде сатып алуға 2,7 миллиард теңге бөлініп (186 пәтер), тиісті жұмыстар атқарылуда.
Осы жылы кезекте тұрған азаматтарға Б.Момышұлы көшесі №10,
№13 және 3-ықшамаудан, №163 мекенжайындағы көпқабатты үйлер дайын күйінде сатып алынып, қолданысқа беріліпті. Сәйкесінше 263 пәтер отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Алдағы уақытта тағы 286 пәтер үлестірілмек.
Жыл басынан бері кезекке 1 631 тұрғын тіркелсе, ол 463 адамға кеміпті. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, кезекте тұрған азаматтар саны 1 168 адамды құраған. Оның ішінде 201-і көпбалалы отбасылар, 550-і әлеуметтік осал топтағылар, 416-сы бюджеттік қызметкерлер.
– Ауданда 23 елді мекен бар болса, оның 17-сі (15 515 адам) газдандырылған. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына құны 2 миллиард 75 миллион теңге болатын жоба әзірленіп, оның 1 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Мердігер анықталып, «Тау Кен Шахта Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт рәсімделді. Алайда екінші орындағы мердігер хаттаманы бұзу талабымен сотқа арызданып, сотта жеңіп шықты. Қазіргі таңда хаттама «ЦентрФинанс» акционерлік қоғамында қайта қаралуда. Мерзімі – қыркүйек айының 30-на дейін. Сол себепті жұмыстар уақытша тоқтап тұр.
Қаратау қаласындағы жеке тұрған қазандықты қайта жаңғырту және мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 825,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен бөлінген 342,6 миллион теңгеге жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 3 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Әуезов көшесі мен Саңырақ батыр көшесінен Молдағұлова көшесіне дейін, Момышұлы көшесіндегі аудандық орталық ауруханадан М.Әуезов атындағы орта мектепке дейін және Момышұлы көшесінен Шейн көшесіндегі №6, 7, 7а, 8 тұрғын үйлерге дейін жылу жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Әсіресе инфрақұрылымды жақсарту, ауылшаруашылығы мен шағын және орта бизнесті қолдау, өнеркәсіпті өркендету секілді мәселелерге басымдық берілуде. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар, білім беру мен емдеу мекемелері де жаңғырып, жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүруде. Ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуы тұрғындардың өмір сүру саласын жақсартатыны сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ