Білім

«Жайлы мектеп» – жайлы жағдай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға және мұғалімдерді қолдауға, саладағы өзекті мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлді.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деген Президент мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек екенін нықтап айтты. 

Облысымызда 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы 9 500 оқушыға арналған 12 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алғашқы жайлы мектеп Білім күніне орай Байзақ ауданында пайдалануға беріліп те үлгерді. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ауыл тұрғындары мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.

... Жуырда көпшіліктің көкейіндегі «Жайлы мектеп» қандай мектеп? Басқа білім ошақтарынан қандай айырмашылығы бар?» деген сұрақтарға жауап іздеп, Сарыкемер ауылындағы жаңа әрі жайлы мектепке ат басын бұрдық. 

600 оқушыға арналған орта мектептің ауласындағы сәнді субұрқақ, ыңғайлы орындықтар, көз арбайтын жасыл желек пен балаларға арналған ойын алаңындағы спорттық жаңа жабдықтар алыстан менмұндалайды. Бүгінде білім ошағында 582 оқушы білім алуда. Ал педагог қызметкерлердің саны – 57.

Әрбір ұстаз оқушының жеке мүмкіндіктеріне сәйкес сапалы деңгейде білім алуына жағдай жасау арқылы зияткерлік әлеуетін ашып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға қабілетті, білімді, адал ұрпақ тәрбиелеуді алдына мақсат тұтқан.Мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқытылады. Балалардың жас ерекшелігіне сай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спортзал және жеке шкафтармен жабдықталған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалар үшін де инклюзивті кабинеттер, пандустар, жеделсатылар, арнайы бейімделген әжетханалар қарастырылған. 

Атап өту қажет, жайлы мектептердің техникалық жабдықталуына 4 есе көп қаражат бағытталған. Қарапайым мектептерді жарақтауға нысан құнының 5 пайызын бөлсе, жаңа форматтағы мектептерге 20 пайызы арналған. Мұндай жоғары жабдықтау – оқушылардың білімі мен біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар бәсекеге қабілетті ортада өсуіне үлкен мүмкіндік сыйлайды. 

Жаңа білім ошағы туралы ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздардың пікірін тыңдап көру мақсатында «Үздік педагог – 2018» байқауының жеңімпазы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Үміт Сүгірбековамен тілдескен едік.

Қарапайым мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен әрі көлемі жағынан дәліздері мен сыныптары да кең орналасқан мектеп іші жарқырап тұр. Оқушылар мен ұстаздарға арналған демалыс орындары және нетворкинг аймақтары да қарастырылған. 


Сонымен қатар оқушылардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Білім ошағында антитравмалық спорт (волейбол, баскетбол, футбол) алаңдары салынған. Одан бөлек бастауыш сынып оқушыларына арналған үлкен заманауи ойын алаңы да бар.Мектептің іші мен сыртын, яғни балалардың толыққанды қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлығы 104 бейнебақылау камерасы орнатылған. Асхана да санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуде. 

Мектептегі оқу бөлмелері, кабинеттер жиһазбен қамтылып, стендтермен жабдықталған. Барлық биология, химия, физика сынды оқу бөлмелері түрлі эксперимент жасауға қажетті инвентарлармен қамтылған. Сонымен бірге «Touch» экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі берілген.

Балалардың шығармашылығын, сөздік қорын, журналистикалық қабілетін дамытатын және медиа тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетін дыбыс акустикасы жоғары деңгейдегі студия да ашылған. 

«Жайлы мектеп» туралы оқушылардың ойын білу мақсатында 11-сыныптың үздік оқушысы Ғайни Қайратпен тілдескен едік. 

– Оқушылар үшін барлық жағдай жасалғандықтан осы мектепке қызығып, басқа оқу орнынан ауысып келдім. Бұрынғы мектебімде тек информатика кабинетінде ғана принтер болатын. Ал қазіргі мектептің әр кабинетінде принтер бар. Одан бөлек компьютер, интерактивті тақта, тіпті қол жуатын орын да әр кабинетте бар.

Жаңа әрі заман талабына сай барлық қажеттіліктермен қамтылған жайлы мектепте балалардың зейіні ашылып, болашағы жарқын боларына сенім білдірдік.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ