Өңірде дауыс беру құқығына ие 721 676 адам бар
Елімізде атом электр стансасын салу жөнінде 6 қазанда референдум өтетіні белгілі. Облысымызда дайындық жұмыстары басталып кетті. Референдумға дайындық барысымен танысу үшін өткен аптаның соңында өңірімізге Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман жұмыс сапарымен келді.
Осыған орай облыс әкімдігінде кеңес өтіп, референдумды өткізуге арналған іс-шаралар жайы пысықталды. Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев өңірде референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүргізіліп жатқанын сөз етті.
Айтуынша, өңірде дауыс беру құқығына ие 721 676 адам тіркелген екен. Тұрғындардың дауыс беруін ұйымдастыратын 508 референдум учаскесі қажетті жабдықтармен қамтылса, олардың 21-і жабық учаскелер санатында.
Облыстық және өңірлік БАҚ-та референдум учаскелерінің шекаралары, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамы жарияланған. Барлық референдум учаскелері мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген және қолжетімділіктің интерактивтік картасына енгізілген. Облыста мүгедектігі бар 38 723 дауыс беруші тіркелген. Олардың 7 677-сі дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет ететін көрінеді.
Жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына референдум өткізу барысында ҚР азаматтары, аккредитациядан өткен қоғамдық ұйымдар, коммерциялық емес ұйымдар, шетелдік байқаушылар мен халықаралық ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуы туралы және қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша өзгерістер енгізілгенін тілге тиек етті. Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссиясының 84 және 508 учаскелік сайлау комиссиясының 3 532 мүшесі қызмет көрсетеді екен.
– Облыс бойынша 508 референдум учаскесі құрылған. Оның 484-і әлеуметтік нысандарда, оның ішінде 370-і мектептерде орналасқан. Аймақтағы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларындағы 99 бос орынға заң талаптарына сәйкес сайлау комиссияларының мүшелері сайланды, – деген С.Айдапкелов ҚР «Сайлау туралы» және ҚР «Республикалық референдум туралы» Заңының басқа да талаптарын бүге-шігесіне дейін түсіндірді.
Жиында Мұхтар Тілдәбекұлы барлық деңгейдегі комиссиялардың қызметі қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтап, сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуі тиіс екенін жеткізді. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайын да сөз етіп, байқаушының заңда бақылаушы емес, байқаушы деп атап көрсетілгеніне тоқталды. Ұлттық және халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері, бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жариялау тәртібін тарқатып берді.
– Өздеріңіз білетіндей, алдындағы референдум 2022 жылы Ата заңға байланысты өтсе, 6 қазанда атом электр стансасын салуға қатысты референдум өтеді. Заң бойынша жеке тұлғаның да, заңды тұлғаның да қоғамда референдумға қатысты сауал жүргізуіне құқығы бар. Бірақ олар Орталық сайлау комисиясының мақұлдауынан өткен, мамандары сауалнама жүргізумен кемі 5 жыл айналысқан болуы секілді сауалнама жүргізудің талаптарын сақтауы керек.
Бұдан кейін облыстық прокуратура, полиция секілді құзырлы орган басшылары референдум кезінде қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілетінін мәлім етті.
Облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшылары да өздеріне қатысты міндеттер мен соның аясында атқарылатын жұмыстарға дайындық жайын баяндады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ