Жаңалықтар

Ел дамуының негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы халықтың көкейіндегі әлеуметтік сауалдарға жауап берді, сондай-ақ жедел және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін нақты құралдарды ұсынады.

Жолдауда жүзге жуық түрлі бастама көтеріліп, ұсыныстар айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Атап өтер болсақ, салық жүйесін мұқият ойластыра отырып қайта жүктеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауылшаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектті дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтуге болады.Сонымен қатар Президент әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанына тоқталып, бұл мәселені атом энергетикасын дамыту арқылы шешуге болатынын атап өтті.

«Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», – деген Мемлекет басшысы қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтты. 

Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін жеткізді.Осылайша Президент тағдыршешті мәселені референдум арқылы халықпен ақылдасу туралы өз ұстанымын білдірді. Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жүргізген сауалнамасына қарасақ, қазірдің өзінде респонденттердің 60 пайызға жуығы референдумға қатысуға ниетті екен. Енді барлығы ел тұрғындарының қолында.

Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры