Жамбыл жаңалықтары

Бейбіт күннің батырына құрмет көрсетілді

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бейбіт күннің батыры – мойынқұмдық Мәди Әлиевпен кездесіп, құрмет көрсетті.

Еске сала кетейік, 13 қыркүйек күні Шу ауданы аумағында екі көлік соқтығысып, жол апаты орын алған болатын. Мәди Әлиев жарылыс қаупіне қарамастан өртеніп жатқан көлікке қарай ұмтылып, 5 адамды алып шыққан. Өкінішке қарай, оның ішіндегі 1 азаматша оқиға орнында мерт болса, қалған төртеуі аман. Бүгінде олар ауруханада ем алуда.

Ербол Қарашөкеев басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен Мәдиге алғыс білдіріп, жамбылдықтардың атынан ризашылығын жеткізді.

Жауапты сәтте үрейге бой алдырмаған батырдың ұлы – Жансұлтанға да сәттілік тіледі.

 

Айта кетейік, Мәди Әлиев «Бурылбайтал» орманшаруашылығы мекемесінде орманшы болып жұмыс істейді. Бүгінде 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі