Жаңалықтар

Көкпаршыларымыз – көшпенділер ойындарының жеңімпазы

Астана қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жететін күн жақындаған сайын командалар бір-біріне есе жібермеуге тырысып, жан алысып, жан берісуде.

Әсіресе кеше Қазақстан мен Қырғызстан құрамаларының арасындағы көкпар және көк бөрүден өткен финалдық кездесу тартысты болып, дүбірлі доданың бәсін арттыра түскендей болды. Бұған дейінгі кездесулерде ұпайдан шашау шығармаған бауырлас екі елдің командалары ақтық кезеңде ерекше ойын өрнегімен, жанкештілігімен елордадағы «Қазанат» ипподромына жиналған көкпар жанкүйерлерінің ерекше ықыласына ие болды.Финалдық бәсекенің алғашқы кезеңінде 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шықты. Екінші таймда қазақстандық көкпаршылар жинақылық танытып, 1 салым айырмасымен басымдық танытты. Дегенмен екінші кезеңнің аяқталуына 20 секунд қалғанда қарсылас команданың көкпаршысы есепті теңестіріп кетті.

Осылайша ойынның негізгі кезеңі 4:4 болып аяқталып, жеңімпаз анықталмады. Үзілістен кейін «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды қазақстандық көкпаршы, команданың капитаны, жерлесіміз Құрманбек Тұрғанбек салды.Осылайша көрерменнің көңілінен шыққан көкпар бәсекесі 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.Ал көк бөрүден қырғызстандық команда мықтылығын дәлелдеді. Финалда отандастарымыз қырғыз көкпаршыларына 4:10 есебімен жол берді.Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бүгін аяқталады.

«AR-AI»-ақпарат