Жаңалықтар

Жар таңдаудан жаңылма

Жастардың өмірінде жауапкершілікті қажет ететін істің бірі – жар таңдау. Жастықтың буымен өмірлік қосағын таңдауда қателесетіндер қаншама?! Бұл мәселеде сүрінбеу бір отбасы үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін де маңызды. Өйткені әр отбасы тұтас мемлекеттің бір бөлшегі деп айтатын болсақ, отбасындағы тұрақтылық пен береке мемлекеттің де көрсеткіші, дамуының кепілі екенін еске алған жөн.

2023 жылдың қорытынды есебінде Қазақстан ажырасудан әлемде 16-орында тұрғаны жарияланған болатын. Бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Өйткені елдің тұрақтылығы мен бірлігінің өзегі – берік отбасы. Шаңырақтың шайқалуына түрлі себептер бар. Алайда соның ең бастысы – өмірлік серігіңді әу бастан дұрыс таңдамау деп айтылады. Отбасында үйлесім болуы үшін қандай адамды жар ету керек? Жар таңдауда ата-ананың қосатын үлесі зор дейміз. Әке-шешенің баласына тәлімді тәрбие беруі, болашақ жарын таңдауда көмектесуі – негізгі міндеті. Сондықтан көргені мол осы кісілердің ақылына құлақ асқан дұрыс. Әдетте жастар ақыл, тәжірибеге емес, сезімге сүйеніп әрекет етеді. Ал жалаң сезім көп жағдайда адамды жаңылыстырады. 

Бұл жайында «Отбасы апталығы» аясында Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында өткен «Жар таңдаудан жаңылма немесе отбасын жоспарлаудың маңызы» атты студент жастармен өткен жиында сөз болды. Апталық аясында ұйымдастырылған іс-шараның кезекті қонағы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Құралай Сайлыбаева бұл тақырыптың ғылыми тұрғыда зерттелуі жайын әңгімелеп, Фрейд теорияларына да тоқталды. Ол өз сөзінде деңгейлес  ортаның адамдары жылдам  тіл табысатыны жайында әңгімелей келе, әр баланың бақытты болуы үшін ата-ана әрдайым тілекші болатынын айтты. Қазақы тәрбиенің озық тұстарын мысал ете отырып, берік отбасының құпиясы – кішірейе білуде, бір-біріне кішіпейіл болуда екенін жастарға жеткізді.

Сонымен қатар шара қонақтары тарапынан отбасында көзсіз жанкештілік жасай алу, өзіңнен сүйгеніңді жоғары қою екі тараптан теңдей болған отбасында үйлесім табатыны да  айтылды. Қатысушылар берік отбасы құру үшін алдымен өзің де, таңдаған жұбың да өзімшілдіктен бас тартуы абзал деген қорытындыға келді.Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс студенттері белсенділік танытып, ортаға қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді салды. Мәселен, жастардың  бірі ұл мен қызға бала кезден жүктелетін жауапкершілік деңгейінің әртүрлі болуы, олар өсіп, отбасын құрғаннан кейін түсініспеушіліктердің туындауы, бар жүк пен жауапкершілік әйел затына артылып, кей ер азаматтардың тиісті міндеттерден қашуы отбасындағы тұрақсыздық себебі екенін айтса, екінші бір студент жар таңдауда қазақ қоғамында толық емес отбасынан шыққан балаларға қатысты стереотиптердің барын да айтты. Сол мәселеге аға ұрпақ қалай қарайды дегендей сауалдарын да қойды. Ұстаздары Жанат Айнақұлова мен Жансая Камиева бастаған белсенді студенттер осы және өзге де өзекті ойларымен бөлісіп, өздерінің қоғамдық позициясымен бірге жан-жақты білімін де көрсетіп, болашақтарынан зор үміт күттіретін жастар екенін айқындады.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы
 Руханият және тарихтану 
орталығының бөлім меңгерушісі