Жаңалықтар

Жылу желілері жаңғыртылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Қалдыбай Мүслім «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Облыс бойынша қызмет көрсетуге қатысты негізгі құралдардың тозу көрсеткіштерін талдау барысында «қызыл» аймаққа енгізілген 4 табиғи монополия субъектісі анықталған. Атап айтқанда, «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы. 

«Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде негізгі құралдардың тозуы орта есеппен 79,04 пайызды құрайды. Серіктестіктің инвестициялық бағдарламасы негізінде кернеуі 35 -110 кВ, 6-10 кВ жабдықтарды сатып алу, электр энергиясын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесін сатып алу көзделіп отыр.

Ал «Таразтрансэнерго» кәсіпорнында жылу желілерінің тозуы 67,8 пайызды құрайды. Осы орайда бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласындағы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі М-1 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда.

– Сондай-ақ «Жамбыл Су» кәсіпорнындағы негізгі құралдардың тозу деңгейі 71 пайызды құрайды. Тозу деңгейін төмендету мақсатында су құбыры желілерін күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген. Алайда М-1 жылу магистралін, Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерін қайта жаңарту бойынша жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты бұл жоспар іске асырылмады. 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ