Цифрлық Қазақстан

Цифрландыру және жастар

Цифрлы медиа қоғамды қалай өзгертіп жатыр? Оның жастарға тигізетін ықпалы қандай? Цифрлы болашақтың жастарға пайдалы тұстары бар ма? Қауіп-қатер неде? Бұл сұрақтар кез келген адамға ой салары анық. Осы туралы ой тарқатып, өз тарапымыздан жауап іздеп көрсек.

Елімізде цифрландыру үдерісіне ерекше басымдық беру заманауи цифрлы технологияларға негізделген ең дамыған 30 елдің қатарына кіру бастамасымен тікелей байланысты. Осы мақсатта 2017 жылы елдің Үшінші жаңғыруы аясында 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты – ел экономикасын дамытуды жылдамдату арқылы бәсекелестікті арттыру және келешекте цифрлы технологияны қолданудың есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел экономикасын дамыту үшін цифрлы технологияларды белсенді ендірудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Соңғы рет өткен жылы шетелдік инвесторлар кеңесінде Президент цифрландыру үрдісіне Қазақстан үшін ұлттық деңгейдегі басымдық деген баға берді. Президенттің айтуынша, алдағы бірнеше жылда еліміз Еуразия жүрегінде ең ірі және алдыңғы қатарлы цифрлы хабтың біріне айналуды мақсат тұтып отыр. Цифрлы технологияларды ендіруге жұмсалған күш-жігер халық санасына тікелей әсер ете отырып, қоғамның бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп келді.

Бүгінде заманауи цифрлы технологиялар әр азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді, олар күн өткен сайын өміріміздің түрлі саласын көбірек қамтып келеді. Ел жастары заманауи цифрлы технологияларды жылдам игеріп, жаһандық үрдістің барлық игілігін қолдануға шексіз мүмкіндік алып отыр. Атап айтқанда, интернет және ұялы телефонда қолжетімді «Facebook», «Twitter», «YouTube» сияқты әлеуметтік желілерді кең қолдану арқылы ақпаратты жылдам алу және түрлі салада жастардың өз бетімен білімі мен қабілетін арттыруына қолайлы жағдай қалыптасып келеді.

Дегенмен әлемдік сарапшылар мен саясаткерлер арасында цифрлы технологиялардың өскелең ұрпаққа тигізетін ықпалы мен жасанды интеллекттің келешегі туралы біржақты көзқарас жоқ. Кейбір сарапшылар заманауи инновациялық технологияның қарыштап дамуын жарқын келешектің бір көрінісі ретінде қарап, қолдау білдірсе, кейбірі жастардың санасына тигізетін жағымсыз ықпалын алға тартып, мүлдем қарсы шығады.

Бүгінгі күні цифрлы кеңістікте жастар ерекше белсенділік танытып отыр. Себебі кейінгі жылдары Қазақстанда жастар арасында интернет қолданушылар саны артып, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларда белсенділік аясы кеңейіп келеді. TNS деректері бойынша, 2020 жылдан бастап елімізде әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны күрт өскен. 2021 жылдың қаңтарында жалпы саны 12 миллион адамға жетіп, 2020 жылдың басымен салыстырғанда 26 пайызға (2,5 миллион адамға) артты. 2020 жылы әлеуметтік желілер өздерін кез келген аудиториямен байланыстың негізгі арнасы ретінде танытты. Бір жағынан, оған әлемде орын алған постпандемиялық кезең де өзінің белгілі бір деңгейде ықпалын тигізгенін айтпасқа болмайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда әлеуметтік желіні қолданушылардың үлес салмағы 63,5 пайызға дейін жетті.

Нәтижесінде кейінгі жылдары интернет кеңістігінде, әлеуметтік желі-лерде еліміздің күнделікті өзекті саяси мәселелерін талқылауда жастардың азаматтық-саяси белсенділігі артып келе жатқаны байқалады. Өз кезегінде интернет кеңістігінде азаматтардың кері байланысы маңызды саяси мәселелерді шешуде билік пен қоғам арасындағы өзара әрекеттесудің жаңа формаларын қалыптастыруға жол ашады деген үміт бар. Осылайша билік пен халық арасындағы заманауи коммуникациялық өзара іс-қимылда цифрлық технологиялардың рөлі басымдық танытып отырғанын көруге болады.

Жастар саяси оқиғаларды, бастамалар мен ұсыныстарды талқылауға оңай қатыса алады. Келешекте бұл кез келген ішкі немесе сыртқы саяси оқиғаға қатысты интернет пен әлеуметтік желілерде жастар өздерінің жеке пікірлерін еркін білдіре алатын деңгейге жетелейді. Цифрлы технологиялардың көмегімен мемлекеттік органдардың қызметін, партиялардың бағдарламалары мен берген уәделерінің толық орындалуын, сот шешімдерінің ашық және адал іске асуын оңай бақылауға мүмкіндік туады. Сол арқылы келешекте елімізде «электронды демократияның» дамуына сөзсіз жол ашылады деген болжамдар айтылып жүр. Сонымен қатар экономика мен бизнесті дамыту саласында цифрлы технологиялар ел жастары үшін жаңа мүмкіндік тудырып отырғандығын баса көрсету керек. Жастар жаңа стартаптар арқылы еліміздің инновациялық және экономикалық дамуында қозғаушы күш ретінде танылып келеді

Алайда цифрлы әлемнің жастардың санасына, мінез-құлқы мен дү-ниетанымына тигізіп отырған теріс ықпалдарын айтпасқа болмайды. Өйт-кені қоғамдық өмірдің барлық саласына цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізу қоғамда қалыптасқан қатынастар жүйесіне сөзсіз өзгерістер алып келді. Интернетте бос уақытын көбірек өткізетін жастардың басым бөлігінің санасы мен мінез-құлқы түрлі ақпарат ықпалымен уақыт талабына сәйкес айтарлықтай өзгеріске ұшырап отырғандығын жоққа шығара алмаймыз. Нақты айтқанда, жастардың санасы мен дүниетанымына кері әсерін тигізетін көптеген заманауи ақпараттық арнаның кесірінен жастардың манипуляциялық ықпал ету объектісіне айналу қаупі артып отыр.

Оған мысал ретінде әлеуметтік желілер көмегімен инфлюэнцерлер деп аталатын желі қолданушылары түрлі көңіл көтеретін контенттер арқылы көпшілік санасына ықпал ететін саяси идеяларды да тарата алады. Жастар өздері қарайтын желілердегі танымал тұлғалардың ықпалына қалай түсіп, санасына қандай идеяларды сіңіріп жатқанын байқамай қалуы да мүмкін. Осылайша әлеуметтік желілерде кең көлемде өзіне лояльді аудиториясы бар белсенді қолданушылар түрлі қауесет пен болжамды айта отырып, қасақана арандату арқылы шындықты әдейі бұрмалау сияқты манипуляциялау технологияларын қолданады.

Сонымен қатар деструктивті саяси көзқарастардың, «фейк» ақпараттардың әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен таралуы, қоғамды бағдарынан адастырып қана қоймай, жастардың көңіл күйі мен мінез-құлқына кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде жастардың ел ішіндегі саяси жағдайды түсінудің шынайылығын бұрмалауы мүмкін. Салдарынан ақпараттық кеңістікте интернет белсенділердің саяси мақсаттарын, қоғамдық пікірін, наразылық көңіл күйін білдіретін құралына айналу қаупі бар. Ондай жағдайда әлеуметтік желілер тез арада түрлі наразылық, қарсылық білдіруші электоратты жұмылдыратын құралға айналып кете алады. Оны біз кейінгі жылдары еліміздің әр түкпірінде болған этносаралық және әлеуметтік қақтығыстардан көре алдық.

Дегенмен цифрландыру үдерісі – жоғарыда айтылғандай, тоқтаусыз алға қарыштап дамып бара жатқан әлемдік тренд. Бұл әлемдік трендтен еліміз тыс қала алмайды. Сондықтан жаһандық трендке жылдам бейімделіп, еліміз экономикалық, инновациялық және технологиялық тұстарын жетік меңгеріп, пайдалы жақтарын барынша алуға тиіс. Ал жастардың ақпараттар ағымын сараптап, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет. Жастар барлық мәселені рационалды және демократиялық тәсіл тұрғысынан қарастыруға тиіс. Мемлекет осы орайда әлемде цифрландыру үдерісінен туындаған трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық негіздерді қайта қарап, оларды уақыт талабына сай үнемі жетілдіріп отыруы қажет.

 Нүркен АЙТЫМБЕТОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институты
Саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері