Электронды денсаулық паспорты елге тиімді
Денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы – қазіргі заманғы медицинадағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл процесс халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Қазақстанның көптеген аймағында, соның ішінде біздің облыста да цифрландыру қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Цифрлық технологиялардың енгізілуі денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді. Біздің облыста цифрландырудың алғашқы нәтижелері оң әсерін беріп, халықтың медициналық қызметтерге деген сенімін арттырып отыр.
Жалпы облыста 392 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны мен жекеменшік медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 15 ұйым бар. Олардың барлығы 100 пайыз интернет желісіне қосылған.Аймақтағы медициналық ұйымдардың ішінде облыстық қан орталығы «Инфо-Донор» ақпараттық, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы «Kөмек» автоматтандырылған басқару жүйелерімен жұмыс істейді. Ал «Damumed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдары 100 пайыз қосылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі E-Health ядросының бірқатар сервисін ұсынған. Олар бойынша «ДАМУ» ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС-ның тарапынан жұмыс жүргізілген. Атап айтқанда, «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін сырттай көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосу үшін «Damumed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесін интеграциялау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Соған сәйкес 031/у, 027/у, 038/у, 069/у, 073/у, 075/у нысанындағы медициналық анықтамаларды және уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Медициналық ұйымдардың дәрігерлері аталған анықтамаларға «Damumed» ақпараттық жүйесінде электрондық цифрлық қолтаңбаларын қойған соң бұл құжаттар «eGov mobile» мобильді қосымшасындағы «eDensaulyq» қызметінде қолжетімді болады.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының дәрігеріне «eGov mobile» және «Damumed» қосымшалары арқылы электронды түрде жазылу үшін «Damumed» медициналық ақпараттық жүйесінде жалпы тәжірибелік барлық дәрігердің және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі №ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген Амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларымен айқындалған бейінді дәрігердің жұмыс кестесіне «өзін-өзі жазу/самозапись» батырмасын міндетті түрде қою бас дәрігерлерге тапсырылды.
Биылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында бекітілген халық саны 1 174 946 адамды құрайды. Мұның ішінде 1 001 079 адамның электрондық денсаулық паспорты бар. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында электрондық денсаулық паспорттарын қалыптастыру және толтыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Басқарманың базасында 2023 жылғы ақпан айынан бастап 87000500808 Call-орталығы жұмысын бастады. Call-орталық азаматтардың құқықтарының бұзылуын жою және қажет болған жағдайда, оның ішінде «Осында және қазір» қағидаты бойынша сапалы медициналық көмекті уақытылы көрсету бойынша кері байланыс орнатады. Биылғы 6 айда 1 575 қоңырау қабылданып, азаматтардың қалдырған өтініштері өз шешімін тапты.
Сонымен қатар өңірде «Әлеуметтік әмиян» қызметіндегі «Дәрі-дәрмек» жобасы іске асырылды. Пациенттер тегін берілген дәріні қағаз түріндегі рецептсіз электронды түрде «eGov mobile» мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» қызметінде рецептті QR-код көрсету арқылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының дәріханасынан ала алады.
Сонымен қатар облыста «Дәрілік заттарды қадағалауды автоматтандыру» жобасы да кеңінен енгізілді.
Облыс бойынша дәрілік заттарды таңбалауға 63 медициналық ұйым қатысады. Оның ішінде басқармаға қарасты 32 медициналық ұйым, 15 жеке емханалық медициналық ұйым және 16 жеке стационарлық медициналық ұйым бар. Барлығы 100 пайыз «Damumed» медициналық ақпараттық жүйесінде жұмыс істейді. Сондай-ақ барлығы 2D сканермен қамтылған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қаражатты қосып жазылуын болдырмау және жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Damumed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесінде «Емделушілердің кері байланысын бақылау» модулі жұмыс жасайды. «Damumed» мобильдік қосымшасы арқылы азамат өзінің алған медициналық қызметінің қосып жазылуын көрсе, ол туралы «Ол менің қабылдауым емес» деген секілді мәтінде пікір қалдыра алады. Бұл пікірлер бойынша қосып жазулар анықталса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқығы бар.
Бұдан бөлек өңірде Kometa Damumed PACS («ДАМУ» АТО» ЖШС) және PACSCENTER («Forus Data» ЖШС) PACS жүйелері іске қосылған. PACS жүйесін 30-дан астам медициналық ұйым енгізді.GE HealthCare шешімдері мен өнімдері базасында жоғары технологиялы диагностикалық медициналық жабдығының жаңа өндірісі мен Қазақстан Республикасының медициналық бейнелерінің орталықтандырылған вендор-бейтарап архивін құру бойынша инвестициялық жобасы облысымызда енгізілді.
Бүгінгі күні №5 қалалық емханада, облыстың барлық аудандық орталық ауруханаларында және Шу қалалық емханасында Smart ЭКГ жұмыс істейді. Жасанды интеллектті енгізу қорытындыны автоматтандыруға және барлық параметрлерді есептеуге және функционалды диагностиканы толық қамтуға мүмкіндік береді. 2024 жылғы 5 айда 16 337 бейне түсіріліп, оқылды.
Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес қашықтықтан 79 697 кеңес өткізіліп, үлес 6 пайызды құраса, телемедициналық консультациялар саны 751-ге жетіп отыр.Байқағанымыздай, біздің облыста денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл процесс өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң септігін тигізетіндігі сөзсіз. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
Айжан ӨЗБЕКОВА