АЭС-ке тең келетін баламалы энергия көзі жоқ
Атом энергетикасы өнеркәсіп пен ел экономикасының дамуына елеулі ықпал етеді. Қазақстанда уран өнімдерін өндіру саласында барлық қажет мүмкіндік бар. Елімізге тұрақты базалық генерация және таза энергияның көзі керек. Бұл ретте АЭС салынса, ол тұтынушыларды қымбат емес, экологиялық электр энергиясымен қамтитын болады.
Қазақстан 2009 жылдан бері уран өндіруден әлемде бірінші орында және уранның барланған қоры бойынша екінші орында. Ал әлемдегі ең қауіпсіз AЭС түрі – су-cу энергетикалық реакторы.
Бүгінгі таңда республикада электр энергиясын тарататын 222 стансаның 148-і жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Қалған 80-ге жуығының 65 пайызы тозған. Электр энергиясының көбісі шамамен 70 пайыз көмірмен өндіріледі. Қазіргі таңда олар жыл өткен сайын ескіруде. Алдағы онжылдықта бізге оларды ауыстыру қажет болады.
Ал әлем елдері қазір көмірден бас тартып жатыр. Өйткені қоршаған ортаға зиян, климаттың өзгеруі, адам денсаулығына залалы секілді бірнеше фактор ықпал етіп отыр.
Өздеріңіз білетіндей, жаңартылған энергия көздері тұрақты емес. Газ тапшы. Көмір зиян. Осындай бірнеше факторды ескерсек, электр энергиясының дағдарысы жылдан-жылға өспесе, кемімейді.
Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім – АЭС салу мәселесі. Қазір АЭС-ке тең келетін баламалы энергия көзі жоқ. Әлем бойынша 31 елде 450-ге жуық атомдық электр стансалары жұмыс істеп тұр. Тағы 54-і салынып жатыр. Атап айтсақ; АҚШ-та 92 станса, Францияда – 56, Қытайда – 57, Жапонияда – 33, Үндістанда 22 станса бар. Болашақта АЭС салынуы мүмкін орындардың бірі ретінде Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы болып жоспарланған. Айту керек, елімізде атом электр стансасын салуға дайындық процесі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдаудан бұрын басталған еді.
Биыл ақпан айында Алматыда «Атом электр стансаларының мүмкіндіктері» тақырыбында жиын өтіп, АЭС құрылысы еліміздің дамуына қалай әсер ететіндігі талқыланды. Сондай-ақ Президент жаңа Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін айтты. Осы орайда облысымызда 2024 жылдың 18 маусымында «Атомдық электр стансасын салу бойынша» ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің және сала мамандарының қатысуымен халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ғалым ИСАҚОВ,
облыс әкімдігі
энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
басқармасының басшысы