Әлеумет

Мемлекеттің дамуы ауылдың ахуалына байланысты

Бүкіл әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде таниды. Ұлттық экономиканың дамуы тікелей ауылшаруашылығына байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне байланысты бірнеше нақты ұсыныс айтылып, Үкіметке тапсырмалар берілді.

Біріншіден, бұл салаға инвестиция тарту. Бүгінде агроөнеркәсіпке бөлінетін қаражаттың 70 пайызы мемлекет тарапынан. Коммерциялық банктердің үлесі өте төмен. Осы мәселені шешу керек.

Екіншіден, агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіңдеп көшу – аса маңызды міндет.

Үшіншіден, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.
Төртіншіден, «Ауыл аманаты» жобасының аясында әр ауданда азаматтарға түрлі ауылшаруашылық дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашылғаны дұрыс болады. Осындай жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен Меркі ауданында жүзеге асырылды.

Бұл озық тәжірибе республиканың басқа аймақтарында енгізілетін болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Біріншіден, келешекте өндірістің қай саласында кадрлар тапшылығы орын алады? Осы бағытта нақты жұмыстар істеу керек. Мемлекет қаржысын оңды-солды тарата бермей, мамандар даярлауда мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру механизмін түбегейлі өзгерткен жөн. Біздің ойымызша, мемлекеттік тапсырысқа республикалық бюджетпен қатар, өңірлердің қажеттілігін ескеріп, жергілікті бюджеттен де қаражат бөлінген дұрыс. Сонда мамандарды мақсатты (адресті) дайындауға мүмкіндік туады. Ол туралы біз көптен бері айтып келеміз.

Екіншіден, соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы реформалар өз нәтижесін берген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы колледжде жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке қабылдау, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды ұсынды.

Үшіншіден, ата-аналар жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар мен көмекті біле бермейді. Сондықтан азаматтармен кері байланысты күшейту керек.

Әрине, халықтың арасында қызу талқыланып жатқан тақырып атом электр стансасының құрылысы. Бұл мәселеге байланысты қоғамдық талқылаулар өтті, 6 қазанда жалпыұлттық референдум болады.

Менің базалық білімім – физика, кандидаттық және докторлық диссертациямды экологиялық білім беру, экологиялық тәрбие, жастардың экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін қалыптастыру мәселелері бойынша қорғадым. Егер таразыға салып, АЭС-тің экологиялық, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік, геосаяси артықшылықтарын сараптап қарасақ, АЭС Қазақстанға, еліміздің болашағы үшін керек.

Ұлттық экономиканың дамуы энергиямен толық қамтамасыз етілуіне байланысты. Әрине, халықты мазалайтын қауіпсіздік мәселелерін бірінші кезекте жүйелі түрде шешу қажет.

Жалпы Мемлекет басшысы өз Жолдауында бүгінгі таңдағы күрделі мәселелерді ашып көрсетті. Барлығымыз жақсы өмір сүргенді қалаймыз. Олай болса, қолымыздан келгенше Ел Президентін қолдап, тапсырмаларын іске асыру қажет. 


Махметғали САРЫБЕКОВ, 
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық
Тараз инновациялық институтының ректоры,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері