Жаңалықтар

Әжетханадағы әлімжеттікке тоқтам керек

Мектеп оқушыларының білім ошағындағы қауіпсіздігі – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Ата-аналар мен қоғам тек білім беру сапасына ғана емес, сонымен қатар балалардың мектептегі күнделікті өміріне де алаңдаушылық білдіруде. Соңғы уақытта мектеп әжетханаларында орын алып жатқан әлімжеттік мәселесі жиі көтерілуде.

Оқушылардың бір-біріне қатысты әлімжеттік көрсетуі бұрыннан бар проблема. Бұрын оқушылар сырттағы әжетханаларға баруға қорықса, қазіргі таңда мектеп ішіндегі осындай орындарда да өзін қауіпсіз сезіне алмайтын жағдайлар көбейіп барады. 


Мектеп әжетханаларындағы әлімжеттіктің себебі бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, мектептегі бақылаудың жеткіліксіздігі. Әжетхана – мұғалімдер мен басқа қызметкерлердің бақылауынан тыс жерлердің бірі. Сол себепті буллингке бейім оқушылар бұл орынды өздерінің теріс әрекеттеріне пайдаланады. Екіншіден, мектеп мәдениеті мен тәрбие жұмысының әлсіздігі. Кейбір мектептерде оқушылардың бір-біріне деген сыйластығы мен достық қарым-қатынасты дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Бұл жағдайда әлімжеттік қалыпты жағдай ретінде қабылдануы мүмкін.

Бұл мәселені шешу үшін мектептер бірнеше шара қолдануы қажет. Біріншіден, мектеп ішінде бейнебақылау жүйелерін орнату және әжетханаларға жақын жерлерде мұғалімдер тарапынан бақылауды күшейту маңызды. Оқушылар өзін қауіпсіз сезінетін орта құру – басты мақсат.

Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін көтеру қолға алынды.

Ағымдағы жылы ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығында» білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультациялар беріліп, кәсіби психологиялық көмек көрсетілетін болады.

Бүгінгі күні облыстағы мектептердің барлығында әжетхана іште. Балалар бұрынғыдай сыртқа шықпайды дегенмен мектептің ішіндегі әжетханаларда қауіп жоқ деуге келмес. Сондықтан бұрынғыдай әжетханаларға кезекші қою мәселесі қайта көтерілсе, балалардың қауіпсіздігі аз да болса жөнге келер деген ойдамыз.

Айжан ӨЗБЕКОВА,
журналист