Кәсіп

«Бизнес бастау» – жетістікке жетелейтін жол

«Бизнес бастау» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына үлкен мүмкіндіктер беруде. Мәселен, жарқын жоба аясында Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіптерін ашыпты.

Аудандық мансап орталығының директоры Алтай Стамқұловтың айтуынша, кейінгі жылдары өңірде жаңа кәсіп түрлері көп ашылған. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар малшаруашылығымен айналысуға ниетті болса, қазір шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары сынды бизнес түрлерін ашуды қолға алып жатыр екен. 

«Бизнес бастау» жобасы аясында Нұркен Ниетбаев көлік жөндеу орталығын ашыпты. Жалпы көлік тізгіндей білу бір бөлек, ал темір тұлпарды жөндеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік саны күн өткен сайын көбейіп жатқан қазіргі уақытта техникалық қызмет көрсету орталықтарына сұраныс жоғары. Әрі сұранысқа ие кәсіп түрі табысқа жетудің бір төте жолы болған. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі 6 айда жемісін беріп, қазіргі таңда айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты жұмысқа алған.

Жалпы Жамбыл ауданы бойынша биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 113 азамат 155 миллион 940 мың теңге грант алыпты.Сонымен қатар 44 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Ал 2024 жылға арналған жоспар бойынша 110 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Мемлекеттік грантқа қатысушылар жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылған.

Ал қалғаны сұрыптаудан өтуде. Жыл аяғына дейін табысталатын болады.Иә, расында, мемлекеттік қолдау шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың тұрмысын жақсартуға көп септігін тигізуде. Аса ауылының тұрғыны Мұхтар Таңатарұлы да мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібін ашып, көпге үлгі болып отыр. Кейіпкеріміз өткен жылы үй салу үшін құмблок іздеп, біраз әуре болған екен. Құрылыс қарқын алған сайын құмблокқа сұраныс артатынын ұққан Мұхтар осы бағытта өзінің бизнес-жоспарын ұсынады. Ерекше кәсіп қолдау тауып, қайтарымсыз грант жеңіп алады. Бастаған ісі де бірден жүріп кетіп, бүгінде жан-жақтан тапсырыстар алуда.

Жас кәсіпкерді сөзге тартқанымызда бастапқыда қатты қиналғанын айтты.Тағы бір кейіпкеріміз – торт пісіріп, аз ғана уақыт ішінде жеке дүкенін ашқан жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова. Көпбалалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, «Құндызай тәттілері» атты наубайханасын ашыпты. Әзірге анасы қолғабыс етуде. Алдағы уақытта дүкенін кеңейтіп, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Құндызай бастапқыда таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп, нәпақасын тауыпты. Содан кейін жеке цехын ашуды жоспарлап, аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» жобасы бойынша бір айлық курсқа қатысады.Кәсіпкер торттың түрімен қатар, дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты.

Өткен жылы аталған бағдарлама шеңберінде 20 жас жеке бизнесін бастапты. Биыл да ауданда жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде. 

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 80 мыңнан аса халық тұрады. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 049 жас жұмысқа орналастырылыпты. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жоба жүзеге асуда. 

Жамбыл ауданы