Елімізде халықаралық зерттеу басталды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің қатысуымен брифинг өтті. Сырым Өскенбайұлы 2 қыркүйектен бастап ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) басталғанын, ол еліміз бойынша 24 мың үй шаруашылығын қамтитынын сөз етті.
– Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіледі. Бұған дейін 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген. Бұл зерттеудің мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау. Бұл іс-шараның маңызы зор. Өйткені MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсатты айқындауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді.Біздің зерттеу Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі.
Осы жылы Қазақстандағы MICS-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу. Сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады.Зерттеу Қазақстанның 20 өңірін қамтиды.
Интервьюерлер – ұлттық және халықаралық зерттеулерді жүргізуде тәжірибесі бар және БҰҰ (ЮНИСЕФ) Балалар қорының Қазақстан Республикасындағы өкілдігі мамандарының Астана қаласында өткізген семинарында оқыған облыстық статистика департаментінің қызметкерлері. Бұл оқыту MICS бойынша далалық жұмыстарды жүргізудің негізгі аспектілерін қамтиды екен.Сауалнамаға қатысу-қатыспау әр азаматтың өз еркінде.Заңнамаға сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан деректерді жинау процесіне араласуға жол берілмейді.
Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА логотиптері бар киім киіп, бейдж тағады. Әрбір бейджде сауалнама туралы сенімді ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетіледі. MICS іске қосылған 1996 жылдан бері 118 елде аталған зерттеу жүргізілген. Осы жетінші раундқа Қазақстанды қосқанда 27 ел қатысып жатыр.
Н.БОЛАТҰЛЫ